Дәл қазір Талдықорған қаласында табиғи газ тартудың соңғы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төрт кезең бойынша қолға алынған газ желісінің құрылысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Жалпы, қала ішінде тартылуға тиіс 926 шақырымнан асатын газ құбырының жоба құны 19,05 млрд.теңге. Қосылатын абоненттердің саны – 54 мың 275. Оның 32 мың 300-ден астамы көп қабатты тұрғын үйлер болса,   21 мың 962-сы жеке сектор.

 Нақты мәліметтерге жүгінсек, бүгінгі күнге дейін жалпы қала аумағында 7157 абонент іске қосылған. Оның  ішінде 23 коммерциялық мекеме, 5 658 жеке сектор. Сонымен бірге  30 көпқабатты тұрғын үйдің 1476 пәтері табиғи газды пайдалануда. Бұл көрсеткіш әлі де аз. Осыған байланысты, тұрғындар үшін қала әкімдігінің ресми сайтында, әлеуметтік желілерде, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында табиғи газдың артықшылығы мен оған қосылудың жолдары туралы үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Мәселен, қазіргі кезде облыс орталығындағы халық ең көп жүретін 20 орында табиғи газға қосылуға қатысты арнайы жарнама билбордтары ілінген. Сонымен бірге, түрлі шаралар ұйымдастырылып,  қала тұрғындарына көгілдір отынның қатты отынға қарағанда артықшылығы, өртке және жарылысқа қарсы жасалатын қауіпсіздігі жайында  түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы парақшалар таратылуда – дейді мамандар.

Осындай  шаралардың бірінде тұрғындар қойған көгілдір отынға қосылуы  үшін және апатты жағдайлар орын ала қалған жағдайда кімдердің көмегіне жүгініп, кімдерге хабарласу керек деген сауалға Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Барлыбеков жауап берді.

— Бүгінде Талдықорғандағы табиғи газға қосу жұмыстарын жүргізетін «AQZERAI», «Miras Holding», «Жаркын БЖК», «Barys Story Company», «Қазалы Газ Строй», «ТеплоСтройМонтажСервис», «Тавиди», «АЭS and limited») жауапкершілік шектеулі серіктестігі сынды  18 монтаждау мекемесі бар. Оның 11-і көпқабатты тұрғын үйлерді газға қосумен айналысады. Соның ішінде 8 мекеме қала әкімдігімен арнайы меморандумға қол қойысқан. Бұл келісімнің ережесіне сәйкес көп қабатты тұрғын үйлерді газға қосуға 1 пәтерді монтаждау жұмыстарының бағасы 7000 теңге деп бекітілген. Бұрын орталықтанған газ жүйесіне қосылмаған көпқабатты тұрғын үйлерге газ қосу бұдан біраз қымбат. Бәсекелестік болған жерде жұмыс сапасы жақсарып, баға да арзандайды. Бұл қарапайым халық үшін өте тиімді. Жарнама парақшаларында әрбір үйге газ тартушы орынның  атауы, мекенжайы, байланыс телефон нөмірлері толық көрсетілген. Осы  байланыс нөмірлері арқылы үйіне газ тартқызғысы келген әр адам өзі таңдаған бір серіктестікпен келісіп газ қойдыруға құқылы. Газбен жабдықталғаннан кейін  желіден ақау шықса сол мердігер мекеме оған өзі жауапты. Егер қатты аяздан, ауа райының қолайсыздығынан газ қатып қалған жағдайда тұрғындар бірден «КазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «Тавиди» ЖШС-не хабарласуы тиіс, – дейді ол.

Жалпы, қазір Талдықорған тұрғындарын табиғи газбен қамту мәселесі бойынша тұрмысында қиыншылығы бар әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағыларға  бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Ондай жанұялар үшін жергілікті бюджеттен лайықты қаражат қарастырылып, газга тегін қосу көзделген. Қазіргі уақытта, қалалық жұмыспен қамту бөлімі ұсынған 436 тұрғынның үйіне тексеру жүргізіліп, олардың 146-сын абонентке тегін қосу бойынша монтаждау жұмыстары жүргізілген.

 «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы қызметкерлерінің айтуынша, негізінен қазір Талдықорғандағы ішкі газ тарту жұмыстары аяқталу алдында.  Жүргізілген газ құбыры құрылысының ұзындығы  863 шақырымнан асып, нақты көрсеткіш 93 пайызды құрайды. Ал, жер үйлерге газ тарту мәселесі бойынша газ  пешінің бағасы жылыту көлеміне қарай 100 мың теңгеден басталады.  Бұл жерде тұрғындар газ пешін өзі келіскен мердігер мекемеден яғни базардан сатып алам десе таңдау өзінде. Бірақ, сатып алынған пештің сапасына және оны орнатуға сатушы орын өзі жауапты болады. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ –да жер үйді табиғи газға қосылу бағасы байланыс нүктесінен газ жабдығына дейінгі қашықтыққа байланысты.  Егер газ қорабымен үйдің арақашықтығы  25 метр көлемінде болса, үйге енгізу құны 77 мың теңге. 25 метрден алыс болса баға біршама жоғары болады. Бұл алғашқы белгіленген бағадан әлдеқайда төмен. Сондай-ақ, аймақта табиғи газдың 1м3 бағасы 29.36 теңге құрайды. Сұйытылған газдың бағасы  1 текше метірі – 450 теңге. Ал,  бір үлкен балондағы сұйытылған газ – 3200, кіші балон – 1600 теңгені құрайды. Оның үстіне жер үйдің тұрғындары бұрынғыдай көмір түсіріп, күл шығару жұмыстарынан біржола құтылмақ,– дейді мамандар.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK