дереккөз

С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында   жас кітапханашылар арасында «Үздік кітапханашы — 2019» облыстық  байқау ұйымдастырылды.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, кітапхананың мәртебесін көтеру, әлеуметтік маңыздылығын жоғарлату, кітапханашылардың құзіреттілігін  арттыру, кәсіби шығармашылық белсенділігін дамыту — шарадағы басты мақсат. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Цифрлы Қазақстан»  бағдарламаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған шарада кітапханалардың заман талабына сай қызмет көрсетуі, оның жаңа бағытта  жандануы, оқырмандардың санын арттырып,  кітапханашылардың шығармшылық жетістігін анықтау, жастардың ізденісіне жол  ашу  мақсатында байқау ұйымдастырылып отыр.

Аталмыш сайысқа жасы 35-тен аспаған қызметкерлер  қатысып, 4 номинация бойынша сынға түсті. Әр аудан мен қаладан келген 20 үміткер алғашқы кезеңде ережеде көрсетілгендей, «Кітапханашы және оқырман этикасы» бойынша  өзін- өзі ұстау және сөйлеу мәдениетін байқатты. Ал, «Менің өлкем – Жетісу»  тақырыбындағы әдеби викторинада  мамандардың кәсіби шеберлігі сарапқа салынып,  туған жер, өлке туралы сұрақтар қойылды.  «Идеям бар!» атты презентация бойынша кітапхананың дамуына жаңа серпін беретін инновациялық жобалар  қорғалса, соңғы кезеңде дәстүрлі, дәстүрлі емес және тақырыптық кітап көрмелерін ұйымдастыру,   библиографиялық шолу жасау, кітапты орналастыру тәртібі тәрізді көпшілік жұмыстар арқылы кітапханашылардың кәсіби шеберлігін әділқазылар алқасы анықтады.

Байқаудың аты байқау. Оза шапқандар жүлдеге ие болды. Бас жүлдені Алакөл аудандық кітапханасының кітапханашысы Жания Мәукен иеленді. Бірінші орын Қапшағай қаласының үкілеген үміті Айгүл Ақтановаға, екінші және үшінші орындар Құралай Ержігітова мен   Назым Алиасқарқызына  бұйырды.  «Көрермен көзайымы» аталымы жүлдесіне  ескелділік Салтанат Құмархан лайық деп табылды.  «Идеям бар» аталымының жүлдесіне Айдана Ақынбаева мен Назгүл Қарғамбекова ие болды.

Байқаудың қатысушылары алғыс хат, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK