Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Бүгін Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында «Мұхаметжан Тынышбаев және оның заманы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алаш ардақтысы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби инженер-теміржолшы, тарихшы-өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышбайұлына қатысты тың деректер табу, өмірі қызметін жан-жақты зерттеп, жас ұрпаққа еңбегін таныту мақсатын көздеген шараны Алматы облысы әкімінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.

«М.Тынышбаев. Үзілген тамыр» атты драмадан үзіндіні  Б.Римова атындағы облыстық драма театрының  әртістері сахналады.

Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Т.Ғұмаров жиналғандар алдында сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Мұхаметжан Тынышбаевтың ұрпақтары, тарихшы ғалымдар,  жастар қатысқан шарада шетелдік қонақтар да баяндама жасады.

Өзбекстаннан арнайы келген Кахрамон Раджабов, Қырғыз елінің тарихшы ғалымы Жұмағұл Байдилдеев қоғам қайраткерінің Орта Азия елдеріне  ортақ қызмет жасағандығын тілге тиек етті. Қарағанды, Алматы қалаларындағы  жоғары оқу орындарының оқытушылары, тарихшы ғалымдары  Мұхаметжан Тынышбаевтың өмірі мен қызметіне арнап баяндама жасады.  Зерттеуші ғалым Рашид Оразов  Верный ерлер гимназиясында оқып, білім алған қайраткерлер турасында слайд көрсетті. «Мұхамеджан жыл сайын сыныптан сыныпқа бірінші дәрежелі марапатпен көшіп отырған. Гимназияны алтын медалмен аяқтайды. Санкт-Петербург қаласындағы императорлық жол қатынасы институтына түсіп, 1906 жылы бітіріп шығады. Ал 1911 жылы ол Урсатьевск-Әндіжан теміржолы құрылысының бастығы әрі бас инженері болып тағайындалады».

Мұхаметжан Тынышбаевтың тұлғасы мен атқарған еңбектері, қайраткерлік қыры, біліміне сай біліктілігі, халқына адалдығы, елі мен жерін қалай сүйетіндігі жастарға үлгі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK