Талдықорған қаласының ипподромында (атшабар) «Орбұлақ» шайқасының тарихи қойылымы өтті. Аталмыш шара Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы мен Алтын орданың 750 жылдығы аясында ұйымдастырылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Тарихи қойымды көру үшін Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан және еліміздің өзге де қалаларынан арнайы қонақтар келді. Алаңға жиналған халық алдымен қазақша күрес, жамбы ату, садақ ату, арқан тартысы, асық ойыны сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды тамашалады. Айталық, мұндағы қазақша күрес Балпық бидің 325 жылдығына орай ұйымдастырылып, бірінші орынды қызылордалық Еламан Ерғалиев ұтып алды. Жеңімпаз балуанға су жаңа темір тұлпар сыйға тартылды.

Суретті түсіргін Жеңіс Ысқабай

Одан бөлек, қолөнер шеберлері мен ұста-зегерлер халыққа шеберлік сабақтарын өткізіп, дайын бұйымдарын көрмеге қойды. Ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі де көпшіліктің таңдайын қақтырды.

Суретті түсіргін Жеңіс Ысқабай

Сондай-ақ, шара барысында 2 тонна бауырсақ пісіріліп, халыққа тегін таратылды. Нәтижесінде, ұйымдастырушылар Қазақстан рекордтар кітабының сертификатын иеленді.

Суретті түсіргін Жеңіс Ысқабай

Осыдан кейін көпшілік тағатсыздана күткен «Орбұлақ» шайқасының қойылымы ұсынылды. 1500 адам қатысқан тарихи оқиға барынша шынайы суреттеліп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген сынды кәсіби актерлар мен каскадерлар қойылымның шырайын кіргізді.

Тарихи оқиғаны арнайы тамашалауға келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

Амандық Баталов

– Мысал ретінде алып қарайтын болсақ, шетелдерде ежелгі соғыстарды сахналау – дәстүрге айналған. Олар сол арқылы өскелең ұрпаққа тарихи оқиғанының қалай өрбігендігін көрсетуде. Бізге неге жасамасқа? Кезінде қазақ жерінде де жауға қарсы талай ұрыстар болған. Тарихта есімі алтын әріптермен жазылған батырларымыз да жеткілікті. Осының барлығын жастарымыз біліп жүруі керек, — деді.

Сонымен қатар, өңір басшысы «Орбұлақ» шайқасын дәріптеу «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жалғаса беретінін айтты.

Шара соңында Балпық бидің 325 жылдығына орай ат спорты ойындары өтті.

Айта кетейік, Жоңғар шапқыншылығына қарсы «Орбұлақ» шайқасы – 1643 жылы Алатау бөктеріндегі Орбұлақ сайында болған. Жәңгір хан бастаған қазақтың небәрі 600 сарбазы 50 мың жоңғарға қарсы тойтарыс беріп, Самарқаннан Жалаңтөс батыры қалың қолымен жеткенше жауды ұстап тұрған. Бұл шайқас қазақ батырларының алғаш мылтық атып, түрлі әдіс-айлалар қолдануымен ерекшеленді. Жауынгерлер терең ор қазып, бетін жауып, жоңғарларды сол жерге құлатқан. Садақшылар жасағы біраз жоңғарды улы жебелерімен жер жастандырады. Одан қалған жауды «сасықтеке» шөбінен дайындалған улы түтінмен улайды. Қазақ сарбаздары өздері уланып қалмауы үшін беттерін ешкінің майы жағылған шүберекпен тұмшалап алады. Бұл шайқаста жауынгерлер ұрыс тактикаларын дұрыс қолданып, бірлескен әрекеттерінің арқасында жаудың сағын сындырып, кері шегінуіне мәжбүрлеген. Ал Самарқаннан жеткен Жалаңтөс батырдың 20 мың қолы бұл соғыста жоңғарлардың жеңілісіне әкеп соғады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK