Талдықорғандағы жоғары политехникалық колледжінде аймақтағы зиялы қауым өкілдерімен арнайы кездесу өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жан-жақты насихаттауға арналған басқосуды Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған. Оған аталған білім шаңырағының ұстаздары мен студенттер қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз алған «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Президент Жолдауындағы бес бағытқа жеке-жеке тоқталып, аймақтағы атқарылып жатқан игі істерді атап өтті. Сондай-ақ, Ғалиасқар Төлендіұлы: — «Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға баса мән беріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауызсу, жол, басқа да әлеуметтік салаларды жан-жақты дамытуға бағыт-бағдар берді. Осыған байланысты, аймағымыздағы көпбалалы аналарды баспанамен студенттерді жатақханамен қамту көзделген. Бұл  жұмыстар бойынша қазір облыс әкімінің бастамасымен бірқатар жаңа нысандар салынуда. Сонымен бірге білім беру сапасын арттырып, ұстаздардың мәртебесін жоғарылату, аз қамтылған отбасының мүшелеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті көмек көрсету, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау да басты назарда. Алда мұндай игі жұмыстарды одан әрі жақсарту бағытында тың жоба-жоспарлармен қам жасалып жатыр» — деді.

Осыдан соң, жеке-жеке сөз сөйлеушілер Президент Жолдауында  айтылған әрбір бағытты қолдап, өздерінің құнды ой пікірлерімен бөлісті. Ал, абыз ақсақал Әлімғазы Райымбеков басқосуға келген жастарға және аймақтағы жалпы атқамінер азаматтарға ақ батасын беріп, қызметтеріне табыс тіледі.  Осы орайда колледж студенттері өздерін толғандырып жүрген біраз сауалдарды қойып, Жастар жылындағы жаңа бастамалары мен тың жобаларын таныстырды. Сондай-ақ, колледж тынысы туралы айтылып, жетістіктері сараланды.

Жиынды қорытындылаған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы мұндай келелі кездесулер бұдан былай да ұйымдастырылатынын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK