Бүгін Талдықорғанда жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қалалық «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойынының іріктеу кезеңі өтті. Сайыста колледж студенттерінен құралған 8 команда әскери жаттығулардан сынақ тапсырып, өзара шеберлік байқасты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың ашылу рәсімінде Талдықорған қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысының көмекшісі Есет Дәуренбай қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде:

– Жас сарбаздар, сіздерді алдағы уақытта елімізді, жерімізді абыроймен қорғайды деп білемін. Сондықтан әрдайым намысшыл, жігерлі, қайратты, ер жүректі батыл, қасиетті Отанымызды шексіз сүйетін азамат болуларыңыз керек, — деді.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Ал, өз кезегінде сөз алған жастар ресурстық орталығының маманы Мақсат Кенешев «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойынының маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, олардың спортпен жүйелі түрде айналысуына ықпал ету, жас жеткіншектердің бойында патриотизмге негізделген көзқарас, әскери дағды қалыптастыру және жастарға әскери дайындық жөнінде мәлімет беру.

Жалпы, қатысушылар жарыс барысында 5 кезеңнен өтіп, әскери жатығулардан сынақ тапсырды. Атап айтсақ, бірініші кезеңде олар саптық дайындықтарын көрсетіп, әскери тәртіппен сәлемдессе, екінші кезеңде пневматикалық мылтықпен 10 метр қашықтықтағы нысананы көздеді.

Одан кейін АК-74 автоматын бөлшектеп, оны құрастыру бойынша шеберліктерін байқап көрді. Ал, төртінші кезеңде кермеге тартылса, ақтық сында эстофета бойынша үздіктерін анықтады. Яғни, бұл кезеңде жас сарбаздар қапшықпен және жеңіл қорғаныс кастюмін киіп жүгірді, зардап шегуші командаласын тасымалдап, артынша жылдамдыққа жүгіріп жарысты.

Қызықты, әрі тартысты өткен бәсекеде «Жетісу» тарландары әскери-патриоттық клубының жігіттері бас жүлдені ұтып алды. Оларға 40 мың теңгенің сертификаты берілді. Екінші орынды Талдықорған агро-техникалық колледжінің студенттері алса, үздік үштікті Политехникалық колледжінің білімгерлері иеленді. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойыны жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ереже бойынша оған тек 16 мен 18 жас аралығындағы жастарды қатыстыру қарастырыған. Қалалық іріктеуде жеңімпаз атанғандарға облыстық жарысқа жолдама беріледі. Ал, олар ол жерде де топ жарып жатса, республикалық сайыста жергілікті жердің намысын қорғайтын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK