Бүгін Талдықорғанда «Рухани келісім» күніне орай «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» атты облыстық дінтанушылар мен діни бірлестік жетекшілерінің ІІ форуымы өтті. Оған исламтанушы ғалымдар, облыстық департамент, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық ардагерлер кеңесі, діни бірлестік жетекшілері, теолог мамандар, жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Алқалы жиында алғаш сөз тізгінін алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов форум жұмысына сәттілік тілеп, еліміздегі діни ахуалға және осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– Құрметті дінтанушылар және діни бірлестік жетекшілері форумға қолдау танытып, қатысып отырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» атты облыстық дінтанушылар мен діни бірлестік жетекшілерінің форумы елімізде жыл сайын атап өтілетін 18 қазан «Рухани келісім» күніне орай өткізіліп отыр. Өздеріңіз білесіздер бұл дәстүр еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы Алматы қаласында өткен Әлемдік Рухани Келісім Конгрессінің сессиясынан басталған еді. Сол уақыттан бері Рухани келісім күні Қазақстанның бейбітшілік пен келісімге бағытталған саясатының символдарының біріне айналып, адамдардың ақыл-ойына салынған жақсы идея бола алды, — деді Б.Байжұманов.

Сондай-ақ, әкім орынбасары: — Қазақстан – бүгінде конфессияаралық келісім мен тұрақтылықтың мекені ретінде әлемге танылды. Қазақ халқының сыйластыққа негізделген тарихи тәжірибесі, мейірімділігі мен төзімділігі еліміздің тұрақты дамуына негіз болып отыр. Қазақстан – әртүрлі этностар және мәдениет өкілдерімен қатар, алуан түрлі діндерді ұстанушылар тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт ел. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім қоғамның негізгі біріктіруші күші және мемлекетіміздің алға қадам басуының кепілі. Мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары – барлық этникалық және конфессиялық топтардың өкілдеріне тең құқықтар беру, сондай-ақ олардың мәдени орталықтары мен діни бірлестіктерінің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Толеранттылықты жөн көретін кең пейілді қазақ елі осы күнді ұйымшылдықпен атап өте отырып, рухани келісімді одан әрі жан-жақты нығайтуда, — деп атап өтті.

Ал, өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов дінаралық пен ұлтаралық келісім жайдан-жай өзара бітімге келе салатын дүние емес екендігін тілге тиек етті. Айтуынша, бұл мәселеге мемлекет, қоғам, соның ішінде дін және руханият саласында жүрген мамандар атсалысу қажет. Сонда ғана көп ұлтты еліміздің ынтымағы мен бірлігі, тыныштығы сақталмақ.

Одан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халықаралық қатынастар және хаттама» бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы, ғалым, Phd докторы Ершат Оңғаров өз ойын ортаға салды. Ол:

— Біз қазір жаһандану дәуірінде өмір сүрудеміз. Көп ұлттардың мәдениеті тоғысуы салдарынан бүгінде қазақ елінің салт дәстүрі, ұлттық құндылықтары кемшіл қалып жатыр. Сондықтан дін мен дәстүр ұштастығын насихаттайтын және діни бірлестіктер мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін, оны дамытатын осындай шаралардың көбірек болғаны дұрыс деп есептеймін. Мемлекетіміздің осылай дінаралық қарым-қатынысты қолға алуы – еліміздің тұрақтылығын дамытады, — деді.

Сондай-ақ, жиын барысында исламнан бөлек, өзге де дін өкілдері тақырыпқа орай өз пікірлерін білдіріп, дін төңірегіндегі күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екендіктерін жеткізді.

Осыдан кейін форумды қорытындылаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов жиын қатысушыларына алғыс білдіріп, этносаралық және дінаралық келісімді сақтау бағытында жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Сонымен қатар, форум жұмысының нәтижесі бойынша үндеу қабылданды.

Шара соңында өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда қомақты үлес қосып жүрген бірқаттар азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен және арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK