дереккөз

2020 жылдан бастап Қазақстанда қолданылатын атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері енгізілмекші. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады. Енді жәрдемақы отбасыларға басқаша есептелетін болады.

Ұсынылған ережелерге сәйкес, енді көп балалы отбасылардың балаларына  отбасының кірісіне қарамастан мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Отбасы үшін АӘК бөлек есептеледі, өйткені «балалар» төлеміне кепілдік беріледі.

Осыған байланысты көп балалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы бала санына байланысты 42 500 теңгеден 73 370 теңгеге дейін сараланады.

Сондай-ақ , атаулы әлеуметтік көмек қайтадан тоқсанына бір рет, әр келесі 3 айда төлене бастайды.

Міндетті ереже — еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі керек.

Егер олар ұсынған еңбек шараларынан бас тартса, олардың барлық отбасы мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады. Сондай-ақ, кепілдендірілген әлеуметтік пакет әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетудің үшінші кезеңі болады.

Оған 6 жасқа дейінгі балаларға арналған тамақ, гигиена құралдары және басқа да заттар, мектеп формасы мен мектепке қажетті заттар, тегін ыстық тамақ, мектеп оқушыларының қоғамдық көлікте жол жүру шығындарын өтеу кіреді.

Атаулы әлеуметік жәрдемақы турасында  Талдықорған қаласының тұрғындары да өз ойларын білдірді.

Ш.Мұсанова, ардагер: — Масылдыққа жетелейтін істерден құтылуымыз керек. Қазіргі күні байқап жүргенім, жастар жағы жұмыс жасап, маңдай термен нан табуға құлықты емес. Жалқаулық, бойкүйездік орын алып барады. Үйде әйелінің орнына  бала қарауды сылтаурататын ер азаматтар көбейді. Жәрдемақы тек балалардың несібесі ғой. Ал еңбекке қабілетті адам жұмыс жасасын.

Ш. Бүркеева, қала тұрғыны: —  Мемлекеттен жәрдемақы алу үшін табысын жасырып, «кедей» отбасының бетпердесін кигендер көбейгені  қынжылтады. Басында үйі, алдында мал-мүлкі, жұмысы барлардың өзі  балаларға берілетін 21 мың теңгені алу үшін небір әрекеттерге барды деп естідік. Бұл сұмдық нәрсе болды. Тіпті, жәрдем алу үшін «өтірік» ажырасқандар туралы бұқаралық ақпарат құралдары берді. Жалған мәлімет беріп, көмек алғандар  мемлекет қаржысын қайтарып жатыр екен.  Сонша не болды?  Заманымыз тыныш, жұмыс жасаймын деген жанға жағдай бар. Екі қолға бір күрек табылады.  Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі үкіметке  жаңа заң жобасын таныстырды. Енді осы   ереже расымен де қиналып жүрген көп балалы, әлжуаз отбасыларына көмек береді деген ойдамын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK