Талдықорғанда Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқарамсының ұйытқы болуымен және «JAS TALKS» жобасы аясында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабековтың «Ел ертеңі – жастар» атты кездесуі өтті. Аталмыш жиынға, 300-ге жуық облыс жастары қатысып, айтыскер ақынның тағылымды әңгімесін тыңдады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастармен ашық пікір алмасу алаңына айналған бұл жоба өскелең ұрпақты ұлттық және адамгершілік құндылыққа үндейді, жас буынға рухани тәлім-тәрбие беріп, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.

Жыл басынан бастау алған «JAS TALKS» жобасы аясында жастар Серікбай Нұрғисаев, Жұмахмет Жанахметұлы, Әміре Әрін, Атсалим Идигов сынды бірнеше белгілі тұлғалармен кездесіп, түрлі тақырыпта әңгіме өрбіткен. Бұл жолғы кезек «Асыл арна» телеарнасының негізін қалаушы, әрі директоры Мұхамеджан Тазабековқа келген екен.

«Алматы облысына көптен бері келе алмай жүрген едім. Сәті бүгін түсті. Талдықорған қаласы менің жастық жағымның куәсі. Қолымызға домбыра алып, алғаш айтысқа келген уақытта осы қалада болғанымыз бар. Кейінгі жылдары да бұл шаһарда үлкен көлемдегі ақындар айтысы орын алды. Есімізде қатты сақталып қалғаны бұған дейін айтысқа темір тұлпар тігілмеген еді. Жүлдегерлерге ақбозат, кілем, ваза сынды сыйлықтар беріліп жататын. Алғаш рет айтыстың даңқын көтеріп, бәсін биіктетіп, ұлттық өнерді қалай дәріптеу керектігін Алаш жұртына үлгі етіп  көрсетіп берген Жетісу өңірі болды. Бұл уақытта Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдығына орай ақындар айтысы өтіп, бас жүлдеге автокөлік берлілген. Содан 1994 жылдан бастап, республика көлеміндегі айтыстардың бәріне жаппай автокөлік тігілетін дәстүр пайда болды ғой. Соның арқасында қазақтың сөз ұстаған жігіттері астына арғымақ міне бастады. Сол жақсылықтар мен кеңшіліктердің бастауында осы Жетісу жұрты тұр», — деді М.Тазабеков.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Сонымен қатар, Мұхамеджан Оразбайұлы осыдан 10 жыл бұрғынғы кезеңмен бүгінгі уақытты салыстыру мүмкін еместігін айтты. Ол қазір жастардың уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған көптеген ғимараттар салынып жатқандығын және оны сәт сайын тәуелсіздігіміздің бекіп, елміздің көркейіп келетіндігімен байланыстырды. Осы орайда ақын ата-ананы қалай құрмет тұтып, қадірлесек, қасиетті отанымызға, мемлекетке де дәл сондай көзқарас таныту керектігін айқын мысалдармен түсіндіріп берді.

«Жастардың алдына келген кезде жанымыз қуанады. Өйткені оларда зейін, ықылас, жалын бар. Ал, біздерде сіздерге қарағанда бір көйлек ерте тоздырған өмірлік тәжірибе, көрген түйгеніміз бар. Осындай мәжілістерде бір-бірімізбен жүздесіп, ой бөлісіп отырсақ көп нәрсені ұтамыз. Неге бұрындары қазақтар киіз үйде отырғанда қырдың үстіндегі атты адамды көргенде қазанға ас сала беретін болған? Мәселе, ол адамның аш-тоқтығында емес. Мәселе – ол кісінің рухани қазына әкеле жатқандығында. Студент кезімізде университетке белгілі бір танымал тұлғалар келгенде қуанатынбыз. Сондықтан сіз бен бізді қауыштырып отырған ұйымдастырушыларға көп рахмет!», — деп атап өтті.

Осыдан кейін кеш қонағы бүгінгі қоғамда болып жатқан күрделі мәселелерге тоқталды. Айтуынша, қазір біз баланы – әке емес, кафе тәрбиелеп жатқан, қызды – шеше емес, көше тәрбиелеп жатқан, туған шешесінен құрбысы артық болып тұрған, достарымен отырғанда әкесінің қоңырауын жауапсыз қалдыратын ұрпақтардың қоғамында ғұмыр кешудеміз. М.Тазабеков осы кесірдің соңы жақсылыққа апармайтынын тілге тиек етіп, жастарға ағалық ақылын айтты.

«Асыл арна» телеарнасының директоры жастарды адамгершілікке үндеп, атан-анамен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болудың артықшылықтарын да алға тартты.

«Жас кезімде әке-шешемді жылына бір рет емделсінші деп санаториға жіберіп тұрушы едім. Беттеріне қарап «туф» деген кезім болмаған. Олардан ақша сұрамаймын, керсінше айтыстан азын аулақ ақшалай сыйлық ұтып алсам, сол кісілерге жартысын беріп тұру әдетіме айналды. Бір айтыстан автокөлік ұтып алып, оны ата-анама мінгіздім. Жалпы, не керек? Қолдан келгенше солардың көңілінен шығуға тырысатынмын. Сонда мен елдер әке-шешесін сыйласа, мендей-ақ сыйласыншы деп ойлайтынмын. Жасым 30-ға тақалып, ақылым піскен уақытта жәйлап қарасам мен тек әке-шешемнің маған деген мейрімін ғана пайдаланып жүріппін. Сөйтсем, олар мені ақша берсем де, бермесем де жақсы көреді екен. Кейін ойланып қарасам, ол кісілердің жүрегін шын қуантатын жағдай жасамаппын. Әрине, ата-анаға материалдық тұрғыдан қолдау көрсеткен жақсы ғой. Алайда, біреулердің «Әй, сенің балаң жарады, қиналып тұрғанымда қол ұшын соза білді, жүгіріп келіп сәлем берді, қалымды сұрады, адамгершілігі зор екен» деген бір ғана сөзі әке-шешені марқайтып тастайды. Яғни, бұл – көлік мінгізгеннен, санаториге жібергеннен асып түсетін, оларды шын қуантатын дүние. Одан кейін ата-ананы тағы бір шын қуантатын нәрсе – өзінен туған балалары бір-біріне мейрімді болса. Егер ағасы інісін сүйреп, інісі ағасына мейрім танытып, тұрмыс құрып кеткен әпке-қарындастарының жағдайын біліп, сыйластықта болса, қараша үйде отырып, қара нан мен қара су ішіп отырған әке өз перзентеріне риза болады», — деді М.Тазабеков жастарға қаратып айтқан сөзінде.

Кейін айтыскер ақын ағайындар арасындағы туыстық қатынас жайында сөз қозғап, жас буынға бұл мәселеге немқұрайлы қарамауға шақырды. Ағайынға қолдан келгенше көмектесіп, ауырып қалса жағдайын біліп, байланысты үзбеу керектігін түсіндіріп берді. Айтуынша, адамның өмірде жолы болмайтындығына бірнеше себеп бар. Яғни, ата-ана разылығына бөленбеген, туыстық қарым-қатынасты үзген және қасындағы көршісімен еш байланысы жоқтар қандай әрекет жасап талпынса да ісі оңға баспайды.

Одан бөлек, Мұхамеджан Оразбайұлы жігіттерді табандылыққа, еңбекқорлыққа шақыра отырып, бастаған істі соңына дейін апаруға тырысу керектігін айтты. Ол: Бізге қазір таудай жүрек пен мәселені оңтайлы шешіп кететін ми, таймайтын табан жетіспей тұр. Әйтпесе қазақ батырлықтан, ақылдылықтан кенде емес. Бізге ең керегі – табандылық. Мен осы уақытқа дейін көптеген жобалар жасап көрдім. Соның ішінде қатты ауыр тигені «Асыл арна» телеарнасын ашу болды. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы дәстүрлі дінімізді, ғұрпымыз мен салтымызды насихаттап отыратын арнаны эфирге шығару үшін үш жыл уақытым кетті. Бастапқыда қиналғаным соншалық, бұл істі бір жылдан кейін тастап кетейін дегенмін. Кейін ойлана келе тәукел етіп қолға алған ісімді соңына дейін апаруға бел будым, — деді.

Сондай-ақ, М.Тазабеков қазіргі ата-аналардың көбісі баласын тек бастық болсын деген ниетпен оқытатынын айтты. Ал, белгілі бір кәсіптің көзін ашып, балаға өз бетімен тірлік жасауды үйрететіндер жоқтың қасы.

«Біз қазір баламыз әкімшілікке қызметке тұрса қуанамыз да, көлік жөндеу орталығына жұмысқа тұрса елге айтудан ұяламыз. Міне, осы кембағалдық санадан құтылмай қазақтың жолы болуы өте қиын. Айтайын дегенім жыл сайын мемлекеттік қызметте істейтіндердің қатары кеміп, қоғамда өз кәсібінің тасын өрге домалататын адамдар көбею керек», — деді.

Жиын соңында Мұхамеджан Тазабеков жастардың сауалын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK