Биыл  «Ағыңды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың,
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын.
Тас тарпуын, шапшуын,
Қарасаң қайран қаласың,
Жалғыз жазғы бір кеште,
Жағаладым жағасын»,  –  деп жырлап өткен Ақсу ауданының төл тумасы саңылақ ақын Ілияс Жансүгіровтің дүниеге келгеніне 125 жыл. Осыған байланысты  Алматы облысында ауқымды шаралар қолға алынуда. Атап айтсақ, дәл қазір ақын туып-өскен  өлкеде ұлы дүбір тойға дайындық  жүріп  жатса,  облыс орталығы Талдықорған қаласындағы зиялы қауым өкілдері Алаш арысының өмірі мен шығармашылығынан өнегелі сыр шертетін небір құнды дерек көздерін ұсынуда.

Жетісу Мемлекеттік Университетінің білікті ұстазы, белгілі ғалым, профессор Мұратбек Иманғазинов: «Бүгінде Талдықорған қаласында қазақ әдебиетінің нар тұлғаларының бірі, алты алаштың маңдайына біткен жарық жұлдызы Іляс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік жоғарғы оқу орны, мәдениет сарайы, мұражай және көше бар. Ақын есімімен аталатын бұл нысандардың әрбірінің орны ерекше. Өйткені оның бірі – ұзақ жылдардан бері өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындататып келе жатқан бірден бір жоғарғы оқу орны болса, енді бірі – ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, төл мәдениетін дәріптеп, көпке рухани азық сыйлап отырған өнер ордасы. Ал, мұражайы ақының әр жанрда жазылған шынайы шығармалары мен қилы тағдырының айғағы. Жыл сайын Талдықорғандағы арысын ардақтаған жұрт  Ілиясты түрлі кездесулер мен басқосулар арқылы еске алып,  оның ұлт мүдесі жолында атқарып кеткен ерен еңбектерін айырықша атап өтеді. Соның ішінде  терең мәнге ие жақында ғана Жетісу жоғары оқу орнында өткен ақынның 125 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференциясы болса, тағы бірі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ілияс әлемі» атты жастар фестивалі. Аталған басқосуларда айтылған ой, ақынның тағдыры жайлы тың деректер, ұлт мұрағатына қосылған  сүбелі үлес», -деді.

 Сондай-ақ, Мұратбек мырза: — «Ал, қаламгердің биылғы мерейтойына тарту ретінде облыс әкімінің қолдауымен 20 томдық кітап жарық көрді. Онда алаш арысы туралы бар ақиқат қамтылған. Жаңа басылымның тұсауы мерекелік ұлы дүбір тойда кесілмек. Сонымен қатар, таяуда  Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі, ақын Ғабит Тұрсынбайұлының ұйытқы болуымен облыс әкімінің қолдауында Ресейдің Мәскеу, Петербор қалаларына «Ілияс жолымен…» атты арнайы халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Бұл біздің тарихшылармызбен қарымды қаламгерлеріміз үшін Ілияс Жансүгіровтің еңбектері мен өмір жолы туралы көптеген құнды деректер тауып қайтуына мол мүмкіндік берді. Сондықтан да «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерін» демекші,  ұлт мақтанышын ардақтайтын халқы барда Ілиястің еңбектері еш ескерусіз қалмайды. Қайта дәуір сайын жаңғырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді», — деп түйді.

Шаһардағы ақын мұражайының ғылыми қызметкері Салтанат Төлегенованың айтуынша, жыл сайын мұражайда ақын еңбектерін дәріптеуге бағытталған көптеген іс-шаралар өтеді. Онда аймағымыздағы танымал зиялы қауым өкілдері, жастарға ақынның тағдыры жайында тың  деректермен  шығармалары туралы өзекті ойларымен бөліседі. Мұндай басқосулармен кездесулерге қаламыздағы әрбір білім шаңырақтарындағы оқушылар мен студенттер келіп қатысып, ақынның мұражайға қойылған құнды заттарымен танысады. Бұл жастардың өмірге деген көзқарасын айқындап, шығармашылық бағыттағы құлшынысын арттырады. Мәселен, мұндағы әр сала өкілдерінің және ардагерлер мен мешіт имамдарының қатысумен өткен «Ілияс өмірінің соңы» сынды кездесу жастар үшін тағылымды тәрбиелік мәні зор. Осы шара аясында өнерпаздар жалпы шараға қатысушыларға ән мен жырдан шашу шашып, ақынның өнері мен өмір жолын кеңінен насихаттаса, біз «Ілияс тағылымы» атты көрме  арқылы  еңбектерін таныстырамыз.  Енді мұндай көпшілікті тәнті ететін көлемді көрме алда  өтетін ақынның мерей тойында жалғаспақ.

Қорытып айтқанда Ілияс әлемі – ұлт руханиятының алтын діңгегі.  Әр  санаға өшпес сәуле сыйлайтын, талмай ізденістер мен тер төгуді қажет ететін асыл қазына.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK