Алматы облысында «Рухани жаңғыру» орталығы ел игілігіне берілді. Жаңа нысан Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында бой көтерген. Мәдени-танымдық орталықтың ашылу салтанатында сөз алған аймақ әкімі Амандық Баталов жалпы Жетісу жұртын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

фото А.нұршанов

Өңірде атқарылып жатқан ауқымды істерге кеңінен тоқталған Амандық Ғаббасұлы:

– «Құрметті жиналған қауым! Сан алуан ұлт пен ұлыстың құтты қонысына айналған Алматы облысы бүгінде қарқынды дамып, нық қадаммен алға басып келеді. Жеткен жетістігіміз бен бағындырған белестеріміз қазақ халқының бірлігі мен тірлігінің нәтижесі екені көпке аян. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында іргетасы қаланған бұл орталықтың елге берер пайдасы зор. Бізге тарихымызды таразылап, өткенімізді жаңғыртпасақ, келешегіміз бұлыңғыр болмақ. Сондықтан, егеменді ел ретінде рухани түлеуіміз керек. Қазір керегеміз кең, босағамыз берік. Осы нысан құндылықтарымыздың қайта оянуына жол ашады деген ойдамын» – деп атап көрсетті.

Өз кезегінде облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт:

– «Рухани жаңғыру» ұлы істердің бастауы. Соның ішінде «100 жаңа есім» жобасына енген облыс жастарының еңбектері ерекше. Қазақ халқы ежелден қырандай биікке құмар. Оның дәлелі – бүгінгі белсенді жастар. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз жаңарып, жайнап келеді. Әлі де алға қойған мақсаттарымыз көп. Соны іске асыру келешектің қолында» – деді.

Осыдан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен жергілікті тұрғындар бұл орталық ұлт құндылықтарын насихаттайтын, жастардың тәлім-тәрбие ордасына айналарына зор сенім білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK