«Азаматтарға арналған үкімет»  анықтамалардың тағы 28 түрін қысқартуды ұсынды. Бұл туралы цифрлық жаңашылдықтардың  тұсаукесер жиынында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева мәлімдеді, — деп хабарлайды корпорацияның баспасөз қызметі.

 Басқарма төрайымының айтуынша, мекенжай анықтамасынан кейін жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, психо-нарко, туберкулезге қарсы диспансерлердің анықтамасы, жұмыссыз ретінде тіркелу  тағы басқа да анықтамалар жойылуы мүмкін. «Жыл сайын азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығынан 10 миллионнан артық мекенжай анықтамасын алады. Оны жұмысқа тұру, балалардың мектепке, балабақшаға құжатын дайындау барысында және басқа да себептермен сұратады. Мекенжай анықтамаларын алып тастау – қазақстандықтардың ХҚКО-ға 10 млн. есе аз келетіндігін дәлелдеген.

Енді аталған қызметтерді алып тастау мәселесі мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралатын болады. Оның нәтижесі бойынша анықтамалардың қай түрі мәліметтер санатына ауысатыны, не мүлде жойылатыны шешіледі. Аталған анықтама түрлері Әділет министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Бас прокуратура сияқты жалпы 10 ведомствоға қарасты.

Еске салайық, бұдан бұрын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мекенжай анықтамасын жою бастамасын көтерген болатын.  ҚР ІІМ бұл идеяға қолдау білдіріп, өзінің мәліметтер базасын өзге мемлекеттік органдармен интеграциялаған. 1 қарашадан бастап азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркеуін egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінен тексере алады.

Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жыл сайын қазақстандықтарға 30 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетеді, олардың жартысынан көбі – ақпараттық анықтамалар. Оларды жою қызмет алушылардың өмірін жеңілдетеді.Әрі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүктемесі мен қағазбастылықты азайтады деп жоспарлануда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK