Алматы облысындағы егістік жерлердің басым бөлігі негізінен ылғалдылығы төмен, табиғаты құбылмалы аумақта орналасқан. Сондықтан өңірде мол өнімді тек суармалы алқаптардан ғана алуға болады. Ал, өнім көлемін арттыру үшін жерге ылғал жинау ауадай қажет, — дейді мамандар. Осыған байланысты дәл қазір аймақтағы егіс алқаптарында суару жұмыстары қолға алынған.

«Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Талдықорғандағы Алматы филиалының инженер-гидротехнигі  Әсем Нұрланқызының айтуынша, суармалы жерлерді пайдалануда ылғал жинау үшін күзгі суару жұмыстарының пайдасы зор. Өйткені, бұл топырақтың жылулық  қалпын сақтап, көпжылдық шөптер мен күздік дақылдардың жетілуін  жақсартады. Ең негізгі артықшылығы – тұқым себілгеннен кейін суару жұмыстарын барынша кейінге шегертіп, өсімдіктің бірінші суаруына дейін, толық өсіп-жетілуін қамтамасыз етеді. Күзгі суару жұмыстарын қыркүйек айының ортасынан бастап, қазан айының аяғына дейін жүргізген абзал.  Күзде  егістік жерлер босағанда, көктемде егіс науқаны басталғанша суару арқылы жинаған  ылғалды жауған жаңбыр қанша көп болғанмен, оның орнын толтыра алмайды.

Алқаптарды ылғалдандыру үшін атыздарды терең және жүйекпен суару, жүйелер арқылы көбірек су жіберу секілді әдістер қолданылады. Қалыптасқан әдет бойынша суарудың алдында жерді тереңдетіп жырту қажет.

Көктемгі және күзгі суару жұмыстары, өсімдіктердің өсіп-өну кезеңіндегі қолданатын судың мөлшерін азайтуда көп септігін тигізеді. Мәселен, Панфилов ауданында ылғалдандыру жұмыстары күзде және көктемде ерте қолға алынады. Атап айтсақ, аудандағы 400-дей диқан 2 жарым мың гектар жерге ылғалдандыру ісін күзде жүргізсе, 2 мыңға жуық шаруақожалығы 16 мың гектар алқапқа су жіберуді көктемде бастайды.  Қазір онда күздік ылғалдандыру ісі қарқынды. Шаруалар күзгі суару жұмыстарын неғұрлым көбірек жүргізсе, егін кезінде суға деген сұраныс соғұрлым азаяды. Күзгі және көктемгі ылғалдандыру  жазғы ауылшаруашылық дақылдарының суару мөлшерін барынша азайтумен қатар суды тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді. Сондықтан, жерден игіліктеніп отырған жалпы тұрғындар үшін ылғал жинау – мол өнім алудың кепілі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK