Талдықорған – жасыл желегі жайқалған қала

108
Фото авторы А.Нұршанов

«Қала күні – ол тек мерекелеуге себеп қана емес, есеп беріп, қорытынды жасаудың бір мүмкіндігі». Талдықорғандықтар Жетісудың жүрегі саналар қаламыздың мерекесін сән-салтанатпен атап өтті. Бүгінде қала халқының саны 180 мыңға жуықтады. Шаhарымыз өндіріс пен бизнестің, мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталығына айналуда. Ағымдағы жылдың 8 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 54,3 млрд. теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,0 млрд. теңгеге жетті. Соңғы жылдары бірқатар жаңа шағын аудандар мен зәулім ғимараттар бой көтерді. Қазіргі таңда олимпиадалық жабық жүзу бассейнінің, білімгерлерге арналған жатақханалардың құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде.

Фото авторы А.Нұршанов

Мерекелік жиын «Жаңарған Талдықорған!» музыкалық-хореографиялық көрінісінен бастау алды. Салтанатты шарада сөз алған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.

Фото авторы А.Нұршанов

«Біз жыл сайын алтын күздің аясында облысымыздың бас қаласы – Талдықорған күнін атап өтеміз.  Осы мерейлі күнге орай барша талдықорғандықтарды Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Талдықорған атына заты сай жасыл желегі жайқалған қала. Оның даму динамикасы әрбір тұрғынның көз алдында өтіп жатыр. Өткен жылдан бері әрқайсысы 1200 орынды екі мектеп, драма театр, 300 орынды музыкалық мектеп, облыстық балалар ауруханасының жанынан неонаталдық хирургия, дәрігерлік амбулаториялар және басқа да нысандар салынды. Ең бастысы – қалаға табиғи газ келді! Біз тек қаланың орталығына ғана назар аударып қоймай, шеткі тұрғын аудандарға, саяжайлық елді мекендерге де көңіл бөліп келеміз. Қаланың кіре беріс аумағын абаттандыруға ден қойдық. Мұның барлығы тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасайды. Сонымен бірге Талдықорған шағын қалалар мен аудан орталықтарына барлық жағынан үлгі бола алады. Өткен жылы қалалар бойынша жүргізілген рейтинг барысында Талдықорған ең таза, ең жасыл қала ретінде танылды. Асан қайғы бабамыз біздің жерімізді көргенде: «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен», — депті.  Осындай ауасы таза, суы бал, жері құнарлы, көрікті мекенде тұрудың өзі – біз үшін зор мақтаныш. Сондықтан бұдан былай да облыс халқы, өңірдегі 100-ден астам этнос өкілдері береке-бірлікпен еселі еңбек етіп, еліміздің табысты дамуына лайықты үлес қоса береді деп сенемін. Дана халқымыздың «Ырыс алды  ынтымақ» деген аталы сөзі бар.  Халықтың ынтымағы, татулығы, бір-біріне деген құрметі – ел өркендеуінің кепілі. Ендеше, әсем қаламыз Талдықорған  бақыттың бесігі болсын деп тілейміз. Еліміздің болашағы баянды, жолы даңғыл, алар асуы көп болсын! Әр шаңыраққа жақсылық, мол бақыт, толайым табыс тілеймін!»

Фото авторы А.Нұршанов

Мереке аясында қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қаламыздың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан  қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жексенбай Мейрембаев, Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің директоры Ләззат Базарқұлова, «Нұр-Авиценум» сауықтыру кешенінің  невропатолог дәрігері Радион Ким, сазгер, ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Серікжамал Әжібекова, 2004-2017 жылдар аралығында Б.Жолбарысұлы атындағы №18 мектептің директоры қызметін атқарған, зейнеткер Нұртай Тұмбаевқа  «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады.

Фото авторы А.Нұршанов

Сондай-ақ, дәстүрлі түрде ұйымдастырылар «Ең үздік әлеуметтік қызметкер», «Ең үздік ұста», «Ең үздік учаскелік дәрігер», «Ең үздік мұғалім», «Қызмет көрсету саласының ең үздігі», «Ең үздік аула күтушісі», «Ең үздік учаскелік инспектор», «Ең үздік құрылысшы» сынды байқау жеңімпаздарын марапаттады.  Жергілікті өнерпаздармен қатар жеті өзені тасып, мерейі асып жатқан, жер жаннаты – Жетісу төріндегі салтанатты шараға арнайы келген  «Кesh you», «Меломен» топтары және Арман мен Аша әсем әннен шашу шашты.

Фото авторы А.Нұршанов
Фото авторы А.Нұршанов
Фото авторы А.Нұршанов
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK