Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әр салада белгілі бір жетістікке жеткен дарынды жастармен кездесу өткізді. Олардың қатарында халықаралық «Рух», республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпаздары және «Алтын домбыра», «Мен қазақпын» сынды мега жобаларда үздік атанғандар мен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері, спортшылар бар.

– Жылдың аяғында сәті түсіп, өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Жалпы, биылғы жыл облысымыз үшін жағымды болды десек артық айтпағаным. Бізге әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар қоғамның рухани дамуы да аса маңызды. Осы орайда әрқайсыларыңыз өз салаларыңызда биік белестерді бағындырып, үлкен марапаттарға ие болып жатсыздар. Сіздерді өз атымнан және Жетісу жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын, — деді А. Баталов. Сонымен қатар өңір басшысы жыл ішінде атқарылған іргелі істерді тілге тиек етіп, артынша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған ауқымды шаралар жайын айтып берді.

Ал, өз кезегінде сөз алған дарынды жастар өздеріне қолдау білдірген және облыста  мәдениет пен өнердің дамуына барлық мүмкіншілікті жасап беріп отырған Амандық Ғаббасұлына шынайы ризашылықтарын білдірді. Алдағы жоспарларымен бөлісіп, ұлттың руханиятын көтеру мақсатындағы ұсыныстарын да жеткізді.

Амандық Баталов кездесу соңында жас дарындарға шығармашылық табыс тілеп, бұдан да биік шыңдарды бағындыруына тілектес екен айтты.

Айта кетейік, Бақыт Беделханұлы тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық «Рух» әдеби байқауының поэма жанры бойынша бас жүлдені иеленген. Ал, Бейбіт Сарыбай республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының поэзия жанры бойынша үздік атанса, Мақпал Мыса поэма жанрынан лауреат атанған. Сондай-ақ, Бейбіт Мұсаев «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «Мен Қазақпын» атты халықаралық мега жобасының «Әнші» аталымы бойынша бас бәйгені еншілесе, Жандарбек Бұлғақов республикалық «Алтын домбыра» байқауында (2017ж) қарсыластарынан оза шауып, бас жүлдені қоржынына басқан. Елдос Тоқтарбай мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының «Әдебиет» номинациясы бойынша лауреат атанса, грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Демеу Жадыраев 2017 жылы Францияда ересектер арасында өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK