Жылдағы дәстүр бойынша Жетісу жұрты биыл да облыс орталығы Талдықорғанның қала күнін айырықша атап өтті. Осы орайда шаһардың оңтүстік-батысындағы «Береке» шағын ауданынан бой көтерген коттедж қалашығынан 100 үй қолданысқа берілді.  Қала тойымен қатар келген  жаңа қоныс иелерінің  шаттығына ортақтасқан  обыс әкімі Амандық Баталов тұрғындарға баспана кілтін өз қолымен табыс етті.

Бұл жолғы тұрғын үйлер негізінен ұзақ жылдан бері баспана кезегінде тұрған азаматтар мен  тұрмысында қиыншылығы бар көпбалалы аналарға және Ауған соғыс ардагерлеріне  табысталды. Тұрғын  үйлердің бой көтеруіне облыс әкімдігімен қатар аймақтың атымтай жомарт кәсіпкерлері де белсене атсалысқан.

Баспана кілтін табыстау салтанатында сөз алған Амандық Ғаббасұлы:  «Бүгінде Талдықорған қаласы өсіп-өркендеп, жасарып-жайнап келеді. Жолдар салынып, көптеген тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандар бой көтерді. Осы  «Береке» шағын ауданына жалпы 606 үй салу жоспарланған. Әр үйдің көлемі 89,5 шаршы метр. Бүгінгі күні 156 үй қолданысқа берілді. Енді «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірқатар құрылыс компанияларының есебінен тағы 100 коттедждің құрылысы аяқталатын болады. Жалпы 2020 жылға дейін 350 баспана қолданысқа беріледі деп күтілуде. Осының барлығы қарапайым халық үшін жасалып жатқан игі істердің нәтижесі. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыз береке-бірліктен  ажырамасын. Жаңа қонысы құтты болсын!» -деді.

Осыдан соң баспана кілтін қолына алып, қуанышқа бөленген көпбалалы ана Зылиха Құрмашқызы мемлекет басшысына, аймақтың атқамінер азаматтарына ерекше алғысын жеткізсе, абыз ақсақал Әлімғазы Райымбеков ақ батасын арнап, жалпы жұртқа амандық тіледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK