Бүгін Талдықорғанда қала күніне орай тұрғын үй аулалары қолданысқа берілді. Аулалардың ашылу рәсіміне қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов арнайы келіп, тұрғындарға құтты болсын айтты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шаһар басшысы алдымен жаңадан салынған Л.Красин  көшесіндегі №23 үйдің ауласына барды. Ол жерде қала әкімі мен ғарышкер Айдын Айымбетов тұрғындармен кездесіп, жиналған қауымды қала күні мерекесімен құттықтады.

– Өздеріңіз білесіздер Талдықорған қаласы уақыт озған сайын құлпырып, көркіне сән қосып келеді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың басшылығымен жыл сайын жаңадан әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, демалыс орындары салынуда. Қазір сырттан келген қонақттар таңдай қағып, қаламыздың бүгінгі жарқын келбетіне қызыға қарайды. Құрметті талдықорғандықтар! Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, сіздерге зор денсаулық тілеймін. Әрқашанда отбасыларыңызға шаттық, береке орнай берсін. Мына кішкентай балаларымыз аман болсын. Қаламыз нұрлана берсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын, — деді Ғ.Әбдірайымов.

Сонымен қатар, қала әкімі биылғы жылы облыс орталығында 48 аулаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғандығын атап өтті. Бүгінде соның 10 ауласының құрылысы толығымен аяқталған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 1 млрд. теңге бөлініпті.  Келесі жылы бұдан бөлек 26 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілмекші.

Ғалымжан Райылұлы бастаған топ келесі де І.Жансүгіров көшесіндегі №71 үйдің ауласына барды. Ол жерде де тұрғындарды құттықтап, балаларға сый сыяпаттарын таратты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK