Бүгін Талдықорғанда қала күні. Мереке күнінде облыс орталығында 11 бала дүниеге келді. Оның 4-і қыз болса, 7-і ұл бала. Қуанышты сәтке орай қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жаңадан босанған аналарды құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қазан айының 3-нен 4-не қараған күні түнде алғаш болып, ер бала жарық дүниенің есігін ашқан. Салмағы 4 келі 100 грам болып туған нәрестеге ата-анасы Айтөре деген есім беріпті.

 «Өте қуаныштымын. Бұлай болады деп кім ойлаған. Арнайы уақыт тауып, құттықтап келіп отырған қала әкіміне ришашылығымды білдіремін», — дейді Айтөренің анасы Салтанат Есімбекова.

Айта кетейік, аналарды құттықтау үшін Ғалымжан Райылұлымен бірге Талдықорғаннан шыққан ғарышкер Айдын Айымбетов және «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев та келді.

Олар қала күнінде бірінші болып дүниеге келген ер баланың анасына айрықша қошемет көрсетіп, сый-сыяпаттарын ұсынды. Сондай-ақ, жаңадан босанған 10 баланың анасына да алып келген арнайы сыйлықтарын ұсынды.

Ақ халаттылардың айтуынша, түңгі сағат 12-ден таңғы сағат 8-ге дейін 11 бала қала күні мерекесінде өмірге келген.

«Бүгін Талдықорғанда үлкен мейрам. Барлығымыз қала күнін тойлаудамыз. Осы бір қуанышты сәтте өмірге кішкентай нәрестелеріміз келіп жатыр. Бауы берік болсын. Балаларға зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін. Еліміздің абыройлы азаматтары болып ер жетсін», — деді Ғ.Әбдірайымов өзінің құттықтау сөзінде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK