Бүгін Талдықорғанда өз заманының шешені болған, әрі көсем, әрі би, әрі қол бастаушы батыр Балбық бидің туғанына 325 жыл толуына орай «Байтақ елдің Балпығы» атты кітабының тұсау кесері болды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Дала данышпаны» атанған Балпық бидің 325 жылдық мерейтойына орай жарық көрген бұл кітапта Ескелді, Балпық би, Қабан жырау (Қабылиса) сынды тарихи ұлы тұлғалар жайлы тың да құнды деректер олар өмір сүрген сол алмағайып кезеңнің шындығымен астарласа баяндалады. Жинаққа енгізілген «Үш бәйтеректің» ғибратты өмірлері, шешендік, тапқырлық өнерлері мен аталы сөздері бүгінгі жас ұрпақ үшін таптырмас тағылым, үлкен тәрбие мектебі болып табылары даусыз. Кітап жас өлкетанушы ғалымдарға, жалпы елінің өткенін білуге құштар ұландарға арналған.

Тіл сарайында өткен кітаптың тұсау кесер рәсміне ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында алғаш сөз тізгінін алған Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев аталмыш кітапты Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көргендігін айтты.

Сондай-ақ, жиналған қауым кітап жайлы өз ойларымен бөлісіп, Балпық бидің өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі екендігін тілге тиек етті.

Айта кетейік, кітап «Баян жүрек» баспасында басылған. Ол жерден Жеңіс Ысқабай, Ерлан Омаров сынды белгілі фотогрофтардың суреттерін көруге болады. Жалпы, кітапта тарихи деректермен қатар Талдықорған қаласының көрікті жерлері мен Жетісу өңірінің әсем табиғаты бейнеленген.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK