Талдықорған тарихы
дереккөз

Талдықорған қаласындағы мемлекеттік архивтің  әрбір құжаты — тарих көзі. Мұндағы әрбір сарғайған қағаздағы жазудың өзі өткен күннің тереңінен сыр шертеді.

 Архивте  1850-1918 жылдардағы Жетісу өлкесінің шіркеулеріндегі дін қызметкерлерінің жазбалары, ал тарихи құндылығы ерекше Кеңес билігінің кезеңін қамтитын аса құнды Талдықорған, Лепсі, Жаркент уездерінің   құжаттары  мемлекеттік сақтауда.

1923-1991 жылдардағы Талдықорған облыстық, қалалық партия және комсомол ұйымдарының құжаттары зерттеушілер мен көптеген сұраныс берушілердің қызығушылығын туғызуда. Бұл құжаттардағы мәліметтер Жетісу өңіріндегі 20-шы жылдардағы сан қилы оқиғалар мен іс-шаралардан бастау алып, кеңес үкіметінің құлауы және коммунистік партия мен комсомолдың тарауына дейінгі деректерден тұратын 63 қордан тұратын  82187 сақтау бірліктерді құрайды.

Сонымен қатар 2018 жылы «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жеке құрам бойынша Талдықорған филиалынан Талдықорған қаласы бойынша мекемелер мен ұйымдардың жеке құрам бойынша 53 000 сақтау бірлігі мемлекеттік сақтауға қабылданған. Қазіргі таңда кең көлемде сұраныстар орындалуда.

Яғни,  тарихқа көз жіберсек 1869 жылы Талдықорған қыстауының орнына Гавриловка ауылы бой көтереді. 1922 жылы Қапал уезінің орталығы болса, 1932-44 жылдары аудан орталығы болды.

 Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында бұл аймақта  586 үй, 4600 тұрғын болған және  1 шіркеу, 1 мұсылмандар намаз оқитын үй, ауылдық басқарма, 6 ұстахана болыпты.

1944жылы наурыз айында  Талды-Қорған  облысы құрылып, Талды-Қорған  қаласы оның орталығы болды. Жаңа облыс орталығында нан зауыты,өндірістік артель, екі колхоз, МТС, 2 бастауыш, 2 жеті жылдық, 1 орта мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 кинотеатр, 4 шағын сауда дүкені, 1 асхана, 1 аурухана, 50 орындық балабақша бой көтеріпті.  Қаладағы алғашқы өндіріс орындары ретінде, май, сыра шығаратын, жүн жуатын, нан пісіретін, тігін цехы тәрізді  орындар алдымен  айтылады. Халық тұтынатын  астың атасы нанды қорабы бар ат арбамен тасымалдағаны фотосуреттерден анық байқалады.

 Талды-Қорған (сол кездегі құжаттар бойынша жазылуы сақталды) облысының құрамына Ақсу, Алакөл, Андреев, Бөрлі-Төбе, Дзержинский, 28-гвардияшылар атындағы, Қапал, Қаратал, Октябрь, Сарқанд, Талды-Корган аудандары  Алматы облысы құрамынан шығарылып, біріктірілген.  Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының арнайы жарлығы мұрағатта сақталған. Бұл құжатта Алма-Ата. 15 марта,1944г деп көрсетілген.

архив дерегі

Осылайша, Талдықорған қала мәртебесіне Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 15 наурыздағы Жарлығының негізінде ие болды. 1944 жылы наурыз айының аяғында Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары кеңесіне сайлау өткізілді. Бірінші сессияда қалалық Кеңестің атқарушы комитеті сайланды. Талдықорған облысының Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары Кеңесінің атқарушы комитеті 1959 жылға дейін жұмыс істеді. Алматы облысының құрамына кіруіне орай Алматы облысының Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары кеңесінің атқарушы комитеті болып өзгертілді (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1959 жылғы 6 маусымдағы Жарлығы). 1967 жылы 29 желтоқсанда Алматы облысы құрамынан Талдықорған облысының бөлініп шығуына байланысты Талдықорған облысының Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары кеңесінің атқарушы комитеті болып өзгертілді.

Осынша уақыт тарихтың көнекөзі атанған өлкені де сонау құрылған кезінен басқарғандар саны да біршама. 1968-1979 жылдары ұзақ мерзімде бұл қаланы Молдақасым Талқыбаев,1979-83 жылдары Советхан Нұрпейісов, 1983-87 жылдар Көпес Ақылбаев,  Тәуелсіздік алған жылдары Амангелді Шегіров пен Оралбек Жақиянов басқарыпты.

Талдықорған қалалық халық  депутаттары кеңесінің атқарушы комитеті 1992 жылдың ақпанына дейін жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының «Өтпелі кезеңде ҚР Конс­титуциясының жекелеген нормаларының күшін тоқтата тұру туралы» заңына байланысты Талдықорған қалалық халық депутаттары кеңесінің 1992 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен ол таратылып, Талдықорған қалалық әкімшілігі басшысының аппараты болып қайта құрылды.
1995 жылы ҚР жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты республикада тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің институты бекітілді. Талдықорған қалалық әкімшілігі басшысының аппараты қала әкімінің 1995 жылғы 9 қазандағы шешімімен Талдықорған облысының Талдықорған қаласы әкімінің аппараты болып өзгертілді. Талдықорған облысының жойылып, Алматы облысының құрамына кіруіне байланысты 1997 жылдың 22 сәуірінен бастап Алматы облысының Талдықорған қаласы әкімінің аппараты болып өзгертілді.

 Ал облыс орталығы мәртебесіне айналған Талды қаланың бүгінгі келбеті көз тартады. Талайларды тамсандырып келеді.
«Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен» деп қазақтың да­нагөй абызы Асан қайғы сүйсінген жер таңғажайып табиғат көріністеріне, рухани жәдігерліктерге, ежелгі ескерткіштерге бай.  Батырды да, жырауды, ақын мен жазушыны, композитор мен ел басқарған  тұлғаларды дүниеге әкелген Талдықорғанның мәртебесі биік. Өзіндік тарихы бар, архитектуралық ес­керткіштерге толы Жетісу өлкесі басын тауға, аяғын көлге, арқасын құмға төсеп,  тарих көшіне ілесіп келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK