Жыл басынан бері Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 112 заң бұзушылық анықталған. Оның  74-і яғни, 66,1пайызы  пара алу  бойынша тіркеліп, келтірілген шығын көлемі  24,5 млн. теңге құраған. Бұл туралы Талдықорған қаласындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің трансформациясы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев: «Жұртқа мәлім 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екіге бөлінді. Енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа бағытта өз жұмысын бастаумен қатар қоғамда адалдық, сенімділік, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға және оны нығайтуға күш салатын болады.  Осы орайда үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысына тоқтала кететін болсақ, биыл Жетісу өңіріндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты анықталған қылмыстың негізгі бөлігін яғни, 85 пайызын  парақорлық құрайды. Келтірілген зиян 24,5 млн. теңге болып, оның  23,9 млн. теңгесі мемлекетке қайтарылды. Бұл  шығынның 98 пайызы өтелді деген сөз. Ал, аймақта сыбайлас жемқорлықты жасағаны үшін 51 адам қылмыстық жазаға тартылса, олардың 9-ы бірінші басшы. Атап айтсақ, сыбайлас жемқорлыққа жол беру әрекеттері негізінен құрылыс, жер құжаттарын реттеу мен өрт қауіпсіздігін және шекардағы кедендік тексерулер  кезінде  сондай-ақ, тауар әкелу, тендер алу  барысында жиі орын алады. Соның ішінде аймақтағы жер қатынастар саласының мұндай заң бұзушылыққа жол беру көрсеткіші ең жоғары, 26,4 пайызға жетіп отыр. Жүргізіліген тексеру нәтижелері осыны айғақтады. Қорытып айтқанда, мұндай парақорлаққа жол бермеу үшін жұрт болып жұмыла күресуіміз тиіс» -деді ол.

Басқосу барысында Данияр Мұханұлы тілшілердің қойған түрлі сауалдарына  жауап берді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK