Бүгінде Талдықорған тұрғындарын табиғи газбен қамту ісі  кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ,  төрт кезең бойынша  қолға алынған  құбыр тартудың қазір соңғы  жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың мәліметінше, жалпы облыс орталығындағы газ құбыры  жүргізілетін аумақ 926 шақырымды құрайды. Оған 54 мың 275 абонентті қосу көзделген. Қазір аталған аумақтың 863 шақырымы қазылып, яғни 93 пайыз жұмыс орындалған.

Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Барлыбековтың айтуынша, бүгінгі таңда шаһардағы 1-2 кезеңде  газ құбыры тартылған тұрғын үйлер мен басқа да орындарға тегіс газ берілген. Енді мамандар 3-ші кезеңде жұмысы аяқталған  Ақылбеков, Белов, Чкалов көшелері мен Өтенай ауылы, «Спутник», «Жастар», және 9-шы алаң мен «Шығыс» шағын аудандарына газ берудің қамын жасауда. Атап айтқанда, осыған дейін жалпы, қала бойынша  5943 абонент іске қосылса, оның  4743-і жеке сектор, 1196-сы  көпқабатты тұрғын үйлер. Ал, монтаждау жұмыстарымен  шаһарда 18  мекеме айналысады.  Оның 11-і көпқабатты үйлерді көгілдір отынға қосады. Қазіргі уақытта тұрғындарға табиғи газға қосылу туралы үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда.

 

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ,  Жетісу өңірлік филиалының директоры Жайық Алишев: — «2017 жылдың 18 қазанынан бастап Талдықорған қаласындағы  «Қаратал» шағын ауданындағы Ақбастау сынды бірнеше көшедегі   тұрғындардың үйіне газ беріле бастаған. Қазір газга қосылған абонент  саны 6 мыңға жуықтады. Дей тұрғанмен үйлеріне газ тарттыруға өтініш білдірушілердің  қатары әлі де сирек. Осы орайда, еске сала кететін тағы бір мәселе –  үйге газ енгізу құны жүргізілген құбырдың алыс-жақындығына қарай есептеледі. Мәселен,  үй мен газ қорабының ара қашықтығы 18 метрден асса, оның бағасы  90 мың теңге  көлемінде болады. Одан алыс болса, құны біраз жоғары болады да, жақын болса арзанға түседі. Орташа есеппен айтқанда қазіргі әр үйге газ кіргізу құны 80-100 мың теңге айналасында.  Бұл жер үйлер үшін. Ал, көпқабатты үйлерге газ қосу  7 мың теңге. Газ есептегіш құрал тегін. Пешін әр тұрғын өзі сатып алады. Сонымен бірге дайын қаржысы болмаған адамдар алдымен газ тартыруға кететін жалпы қаражаттың 30 пайызын төлесе, қалғанын 5 пайыздық үстемемен 6 айға бөліп төлеуге мүмкіндігі бар. Ардагерлерге, көпбалалы отбасының мүшелеріне, мүгедектерге біраз жеңілдіктер қарастырылған. Тұрғындар кезегі келіп тұрғанда осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, газ тартқызып алуы тиіс » – дейді ол.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK