Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев дене шынықтыру ұжымдары арасында өткен футболдан қалалық чемпионаттың жеңімпаздарын марапаттады.

Марапаттау рәсіміне Талдықорған футбол федерациясы мен қалалық футбол командаларының өкілдері қатысты. Жиында сөз алған шаһар басшысы алдымен өзінің ыстық ықыласын білдіріп, жүлдегер атанған спортшыларды мерейлі жеңістерімен құттықтады.

Айталық, үстіміздегі жылдың мамыр-қараша айлары аралығында өткен жарысқа қаламыздан 10 команда және 200-ден астам спортшы қатысқан. Соның ішінде сайдың тасындай іріктелгендер жеңімпаз атанып отыр. Бұл тұста «Намыс» командасы үздік үштікті құраса, «Алматытелеком-2» құрамасы екінші тұғырдан көрінді. Ал, «Жетісу-Водоканалдың» жігіттері үздік атанып, сайыстың бас жүлдесін қанжығаларына байлады. Жеңімпаздарға Бағдат Әбілмәжінұлы кубог, диплом және ақшалай сыйлықтар табыстады. Жарыс барысында үздік атанып, көзге түскен спортшыларға да жекелей құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар футболды дамытуға қосқан зор үлесі үшін ҚР білім беру үздігі, құрметті спорт қайраткері Сағындық Қасымжанов, дзюдо күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәрсенбек Шарапиев, Халықаралық турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы, Азия Чемпионатының жүлдегері, Азия Кубогының жеңімпазы Ерлан Тажиков және кекушинкай каратэдан 2017 жылғы Әлем Чемпионы атанған Сания Қасабаевалар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK