Талдықорған қаласының әкімдігінде бөлім басшылары және Өтенай, Еркін ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен арнайы мәжіліс өтті. Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов төрағалық еткен жиында екі мәселе қаралды. Оның бірі жастар жылында атқарылған жұмыстардың орындалу барысы болса, күн тәртібіндегі екінші мәселе – қалалық құрылымдық бөлімдерінің жоғары тұрған органдардың директивті құжаттарының, қала әкімдігі қаулыларының және қала әкімі шешімдерінің орындалуы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды ұйымдастыру жұмыстары болды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталған жиында алдымен қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жастар жылында атқарылған іс-шаралар бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, жастарға қолдау көрсету бағытында қалада біршама шаралар атқарылған. Қазір Талдықорғанда 14 пен 29 жас аралығында 36073 адам бар. Ағымдағы жылы жастардың қатысуымен 82 шара өткізіліп (мәдени, спорттық, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша т.б), оған 12 мың жас қатысқан.

Сонымен қатар, жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында дөңгелек үстелдер, іскерлік және психологиялық тренингтер, арнайы семинарлар өткізіліпті. Жастарды жұмыспен қамту бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 89 жұмыс орны ұсынылған. Нәтижесінде, 39 адамға жұмысқа орналасу бойынша кеңес беріліп, 17 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалғандарына жастар практикасымен жұмысқа жолдама берілсе, бір бөлігі қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығына өз еріктерімен 29 жасқа толмаған 1635 тіркелген. Оның ішінде жастар тәжірбиесінен өтуге 264 адам жіберіліп, 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, 178-і кәсіптік оқыту және қайта даярлау курстарына жіберілсе, 24 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікті меңгеріпті.

Тағы бір айта кететін жайт, үстіміздегі жылы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың қатысуымен 221 (ұрлық, алаяқтық, бұзақылық және т.б) қылмыс тіркелген. Алты адам өз-өзіне қол жұмсаса, 4-і өзін-өзі өлтіруге әрекет жасаған.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Осы орайда шаһар басшысы жастар жылы аясында қала бойынша ауқымды форумдар, іс-шаралар өтпегенін сынға алды. Сонымен қатар, жастар практикасынан кейінгі жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен екендігін ескеріп, бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Одан бөлек, жастрады суицидтен сақтау мақсатында мектептер мен арнайы оқу орындарында кәсіби психолгтармен тығыз жұмыс жасау керектігін ескертті. Жастар арасындағы қылмысты азайту үшін де бірнеше арнайы шараларды жүзеге асыруды міндеттеді.

«Талдықорған үлкен мегаполис емес, шағын қала екенін білесіздер. Осындай кішкентай ғана шаһардың жастарын үйіріп алу қиын емес деп ойлаймын.  Бізге жастар қызығатын дүниелерді көбірек жасау қажет. Сонда ғана қылымыс, суицид дегендер болмайды. Осыны назарға алыңыздар.», — деді қала әкімі.

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Шеризат Оңғаров жастарды жұмыспен қамту, жастар арасындағы құқықтық мәдениетті арттыру, жастарды әскери патриоттық баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қала әкімі барлық мән жаймен танысқаннан кейін Ш.Оңғаровтың жұмысына біраз сын тағып, жастармен өте тығыз жұмыс жасауға шақырды.

Келесі де қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев қала бойынша діни ахуалға тоқталып, жастармен жасалып жатқан жұмыстарды алға тартты. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс орталығында 20 діни бірлестік бар. Жастар жылы аясында қалалық ішкі саясат бөлімі Алматы облыстық дін істері басқармасымен бірлесіп, жастарды жат ағымдардан сақтау мақсатында бірнеше шаралар өткізген. Бұқаралық ақпарат құралдарында дін тақырыбында 54 мақала жарық көрген. Сонымен қатар, Ә.Рымтаев дәстүрлі емес, салафизм бағытын ұстанатын 53 азамат және тыйым салынған таблиғи жамағаты бағытындағы 28 адам қала аумағында тіркелгендігін атап өтті. Олардың арасында 29 жасқа толмаған екі азамат бар. Бүгінде бұл жастармен оңалту жұмыстары жүргізілуде дейді ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Аталған жайтқа пікір білдірген Ғ.Әбдірайымов бұл жастарға бақылауды күшейту керектігін айтып, түсіндіру шараларын жалғастыра беруді тапсырды.

«Жастар еліктегіш келеді. Олармен күнделікті жұмыс жасау қажет. Уақытында шара қолданбасақ, кеш болады», — деді қала әкімі.

Осыдан кейін, қала аумағына кіретін Еркін және Өтенай ауылдық окуругтерінің әкімдері жастар жылы аясында атқарылған шаралар бойынша баяндама жасады. Ғалымжан Райылұлы бұларға да жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін, спорттық, мәдени, танымдық шараларды жиі ұйымдастырып тұруды міндеттеді. Сондай-ақ, шаһар басшысы қалаға қарасты елдімекендердегі жастарға дұрыс мониторниг жүргізілмегендігін сынға алып, бұл мәселені пысықтауды міндеттеді.

«Жастардың қазіргі ахуалына талдау жүргізілмеген. Қанша жас жұмыспен қамтылды? Жұмыссыз жүргендері қанша? Жас кәсіпкерлердің саны нешеу? Дін ұстанып жүргендердің көрсеткіші қандай? Ешқандай мәлімет көріп тұрған жоқпын! Жастармен жұмыс жасау үшін алдымен осы ақпараттарды анықтау керек», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Осыдан кейін мәжілістің екінші мәселесі – қалалық құрылымдық бөлімдерінің жоғары тұрған органдардың директивті құжаттарының, қала әкімдігі қаулыларының және қала әкімі шешімдерінің орындалуы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстары қаралды.

Талдықорған қаласы әкімі бекіткен 2019 жылғы ІІІ тоқсанның жұмыс жоспарына сәйкес қалалық әкімдіктің, бөлімдер мен 2 ауылдық округтің жалпы құжат айналымы 17768 дананы құраған. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйекке қала әкімінің апаратына келіп түскен қызметтік корреспонденцияның саны 11900, облыстық әкімдік және басқа жоғарғы органдардан 8092, қалалық кәсіпорындар мен ұйымдардан келгені 3808 дана.

Айта кетейік, қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері мен ауылдық округтерде құжаттарды бақылау және орындау бойынша іс жүргізуді ұйымдастыру барысында кемшіліктер мен қателіктер орын алған.

Ауылдық округтер әкімдерінде және жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім бөлімдерінде нормативтік актілердің жобарын әзірлеу және орындау кезінде ҚР-ның 1998 жылғы 24 наурыздағы №23 «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының талаптары бұзылған.

Сонымен қатар, әкімдік қаулыларының жобалары, қала әкімінің шешімдері мен өкімдері сауатсыз дайындалған. Одан бөлек, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша да кемшілктер бар.

«Шынымен де өтініштердің үстіртін немесе кешіктіріліп қаралатыны рас. Аталған барлық мәселеден мен хабардармын. Бұл жұмыстарды жетілдіруіміз қажет», — деді шаһар басшысы.

Жиын соңында қала әкімі барлық орынбасарлары мен бөлім басшыларына жұмысқа жауапкершілікпен қарау керектігін айтып, орын алған олқылықтарды тез арада жөнге келтіруді тапсырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK