Талдықорғанда Қазақстанның халық артисі, әйгілі әнші, сазгер Дәнеш Рақышевтың құрметіне «Рухы Дәнеш жаңғырады, ұрпағы арнап ән салады» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Шаһардағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен ән сайысын Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.

 Байқаудың басты мақсаты – жастар арасындағы өрелі өнер иелерін анықтап,  ұлтымыздың ұлы ән мұрасын жаңғырту, өнерпаздарға халық әндері мен танымал композиторлардың туындыларын орындату арқылы шеберлігін шыңдау, сондай-ақ, жезтаңдай әнші Дәнеш Рақыштың шығармаларын және орындау мәнерін кеңінен дәріптеу. Жарысқа жалпы еліміздің Алматы,  Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарымен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан іріктелген 30-ға жуық әнші қатысты. Үміткерлердің талантын танымал өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасы таразылады.

 Сонымен қалың жұрттың қошеметіне бөленіп, Талдықорған аспанын әнмен тербеген дүбірлі додада бас жүлдені Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның жеке дауыстағы әншісі Бейбіт Мұсаев жеңіп алып, 500 мың теңге сыйақы мен арнайы дипломға ие болса, І  орынға шымкенттік Ақжол Өсербай мен Шығысқазақстандық Айбала Бейсенова лайық деп танылды. Олардың әрбірі 400 мың теңге және арнайы дипломмен марапатталды. Ал, екінші орынға   бөлінген  қаражатты Шығыс Қазақстаннан келген Диас Мұратхан мен Біржан Айтахметов еншілесе, үшінші орын жүлдесін алматылық Сымбат Елтоқ пен Нұр-Сұлтан қаласының үміткері Айдос Оңғарбай қанжығалап қайтты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK