Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған «Ел үлесі пәтерге» жобасы талай жандарға мейір бағыштауда. Еліміздің әр аймағындағы «Зекет» қоры ұйымдыстырған бұл қайырымдылық шарасына жұрт болып жұмыла ат салысып келеді. Соның нәтижесінде осыған дейін тұрмысында қиыншылығы бар 100-ден астам адам баспаналы болып,   басқа да  жағдайы төмен жанұяға тиісті көмек көрсетілген.

Өткен  жұма күні аталған қордың Талдықорған өңірі бойынша өкілдігі 136-шы баспананың кілтін Алматы облысы Панфилов  ауданның тұрғыны  Жадыра Мұқаеваға табыс етті. Баспананы сатып алуға жергілікті кәсіпкер Тасқын Жапарқұлов демеушілік еткен. Ал, баспаналы болған Жадыраның ері қайтыс болып  4 баласымен жесір қалған. Тағдыр сынына түскен ол осыған дейін пәтерден пәтерге көшіп күнелтіп келген.

Жұма намазына жиналған жамағат алдында сөз алған Панфилов аудандық орталық мешітінің бас имамы Серік Шәріпұлы алдымен сауабы мол игі жобаға ерекше үлес қосқан Жапарқұловтар әулетіне айырықша алғыс айтты. Осыдан соң мұндай игілікті іс бұдан былай да жалғаса беретінін жеткізген бас имам әр шараға  ұйтқы болып жүрген  «Зекет қорының» аудандағы өкілі Қабди Ақжүнісұлына Алладан жақсылық тіледі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK