Талдықорғанда бес күнге созылған «Сұлулық әлемді құтқарады» атты кәсіпқой суретшілердің халықаралық симпозиумы аяқталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараға 8 мемлекеттің суретшілері қатысқан, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бүгін осыған орай Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында симпозиумның жабылуына орай баспасөз маслихаты өтті. Жиында алдымен ҚР суретшілер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісхан шара барысында атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті. Ол өз сөзінде:

– Алғашқы күні симпозиумның салтанатты ашылуына орай облыс орталығында (Салтанат сарайы) «Ұлттық бірегейлікті сақтау: Ұлттық код. Ұлттық мәдениет» тақырыбында конференция жұмысы болды. Екінші күні халықаралық пленэр жұмысында суретшілер Талдықорған қаласының көрікті жерлерін бейнелесе, келесі де Оқушылар сарайында кәсіби суретшілердің қатысуымен шеберлік сабақтары өтті. Мұндағы негізгі мақсат – ұлттық өнерімізді, төл мәдениетімізді, тамаша табиғатымызды әлемге насихаттау және шетелдік суретшілер мен өзіміздің қылқалам шеберлері арасында өзара тәжірибе алмасу. Сондай-ақ, жас суретшілерге бағыт бағдар беріп, оларды еңбекке баулу. Атап айтсақ, үлкен іс шараға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай елінің танымал суретшілері қатысты, — деді.

Ал, келесі де сөз тізгінін алған облыстық Көркемөнер галереясының директоры Қайрат Қаманұлы:

«Оқушылар сарайында өткен шеберлік сабақтары барысында жас суретшілер аға буын өкілдерінен қажетті көп мағлұмат алды», — деп атап өтті.

Сонымен қатар, ол кәсіпқой суретшілердің халықаралық симпозиумы мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Жиын соңында Ресей федерациясының шығармашылық суретшілер одағының мүшесі Ольга Созонова мен Нұр-сұлтан қаласы суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмайыл аталмыш шараның өтуіне ұйытқы болған Алматы облысының мәдениет, архивтер және құхаттама басқармасы мен облыстық Көркемөнер галереясына зор алғыстарын білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK