БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1990 жылы 1 қазанды халықаралық қарттар күні деп жариялаған болатын. Содан бері бұл айтулы күн елімізде дәстүрлі түрде аталып өтілуде. Өйткені, «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету, ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлы дәстүр.

 Сақталған салт-дәстүрге сай, бүгінде Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі көптеген игі істердің ұйытқысы болуда. Жақында ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков арнайы аймақтағы барлық саланың башылары мен кәсіпорын жетекшілеріне және кәсіпкерлерге қазан айын қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы деп жариялау жөнінде Үндеу жариялаған. Мұндағы мақсат – қаладағы көмекке зәру егде жастағы адамдарды анықтап, мүмкіндігінше оларға қаржылай және материалдық жағынан көмек көрсету. Әрі «Қарттар күні» аясында бірқатар шаралар ұйымдастыру.

SAMSUNG CSC

Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Айтмұхамбет Ерасылұлының айтуынша, бүгінгі күнде Талдықорған қаласында 25 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Оның 16-сы Ұлы Отан соғысының ардагері. Шаһарда қариялардың кезексіз ем алуына, қоғамдық көліктерде тегін жүріп тұруына сондай-ақ, көрікті жерлерді аралап дем алуға басқа да жеңілдіктер қарастырылған.  Алдағы уақытта ұйым төрағасы шаһардағы 30 ардагерді  Ш.Уәлихановтың кесенесіне апарып, саяхаттатуды қолға алмақ. Сонымен бірге, қарттар күні қарсаңында қаламыздағы спорттық ғимараттарда ардагерлердің суда жүзуіне, бильярд, теннис ойнап, түрлі спорттық жаттығулар жасауына бар жағдай жасалған. Қазан айы толығымен қарияларды қолдау айлығы деп жариялағандықтан жастар қарттардың отбасына барып, жағдайын біліп, көмектесуге шақырылмақ. Осы орайда ардагерлер үйінің көркемөнерпаздарының қатысуымен егде адамдарға концерттік бағдарлама ұсынылып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен насихаттау, түрлі өнерден байқаулар өткізіп, қарттарға «Зейнеткерлік туралы» заңды түсіндіру басты назарда.

 Айта кетейік, қазіргі уақытта Талдықорған қаласында 14 аймақтық ардагерлер филиалы жұмыс істейді. Олардың өз айлық жоба-жоспарлары бар. Жоспарға  сай, әр филиал өз аумағындағы  қариялардың басын қосып, дастархан жайып, әңгіме өткізіп, өнерпаздар концерттік бағдарлама әзірлемекші. Осылайша қазір Талдықорғандық ардагерлер қарттар айлығын түрлі шаралармен қарсы алу қамында.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK