Жетісуда Жеңіс күні аталып өтілді

235

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіске жеткеніне 78 жыл. Осыған байланысты Жетісу жұрты  9 мамыр күні жеңіс күнін айрықша атап өтті.  Салтанатты шара басталар алдында облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен Талдықорған қаласында тұратын үш соғыс ардагерінің үйіне барып, мерейлі мерекемен арнайы құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Осыдан соң аймақ басшысы  қазыналы қарт майдангер  Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақалмен бірге  қаланың орталық саябағындағы Даңқ обелискісіне гүл қою рәсіміне қатысты.

Еске сала кетейік, бүгінде жалпы Жетісу облысында соғыс жылдары еңбек еткен 2300-ден астам тыл ардагерлері, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 майдангер  тұрады. Олардың үшеуі облыс орталығы Талдықорғанда тұрады. Солардың бірі – Сәрсенбай Қаңтарбай. Үсіміздегі жылдың 7 мамырында 99 жасқа толған Сәрсенбай қария  1942 жылы 18 жасында майданға аттанған. Соғыс жылдарында аңызға айналған қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлымен 9-шы Гвардиялық дивизиясында   болып ІІІ  Белоруссия  майданына соғысқа қатысқан. Жауынгерлік Ерен ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған.  Ал, аталған ардагерлерге Жеңіс күніне орай жалпы сомасы 156,7 млн. теңге болатын материалдық көмек көрсетілсе, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес ҰОС қатысушыларына 1,5 млн. теңгеден қаражат берілген.

Мәңгілік алауы жалындаған ел ана ескерткіші алдына гүл шоқтарын қою барысы аспанға оқ атылып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан боздақтарды  бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Жиналған  қауым алдында сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев ұрпақтарына алаңсыз тыныш өмір сыйлаған ержүрек майдангер аға ұрпақты, ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін үлкен құрметпен еске алып, ерліктеріне тағзым ететінін атап өтті.  Сондай-ақ, өңір басшысы:

– Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ел басына таудай тауқымет әкелген сұрапыл соғыстағы Жеңіс аға ұрпақтың жанқияр ерлігімен, орны толмас құрбандығымен, тас түйін табандылығымен, қайтпас қайсарлығымен жетті. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өсіп-өркендеуі – осы Жеңістің жемісі. Сондықтан Жеңіс күнін дәріптей отырып, жас ұрпақтың елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін шыңдау – біздің ортақ парызымыз. Ел тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғау, татулықты ту ету, ішкі және сыртқы алауыздыққа жол бермеу, бейбіт күнді бағалай білу – тарихтың, ата-бабаларымыздың алдындағы парызымыз әрі жауапкершілігіміз. Жеңіс күнін дәріптеудің басты құндылығы да осында, – деді.

Осы орайда Жетісу жұрты орталық алаңға көрмеге қойылған соғыс кезіндегі қару-жарақтармен танысып, өңір өнерпаздары дайындаған «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс!» атты театрландырылған көрініс пен мерекелік концертті тамашалады. Алаңда дала асханасы есігін айқара ашып, келушілерге сарбаз ботқасы мен ыстық шайдан тәм татқызды.

Жеңіс күніне арналған шара  Талдықорған қаласындағы  ат шабар алаңында жалғасып,  ұлттық ат спорты түрлерінен арнайы жарыстар ұйымдастырылды. Жалпы  жүлде қоры – 18 млн. теңгені құрайтын жарысқа 120 – ға жуық шабандоз қатысты. Онда  аламан, топ, құнан бәйге, жорға сынды  жарыс түрлерінен жеке-жеке үздіктер  анықталса,  бұдан сырт ұлт құндылықтарын дәріптейтін  көкпар тарту, жамбы ату, қыз қуу, теңге ілу ойындарынан жарыс жеңімпаздары марапатталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз