дереккөз

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық  мақала аясында Өтенай ауылдық мәдениет үйінде «Шаңырағым — шаттығым» атты байқау өткізілді. Оған  төрт отбасы қатысып,  төрт кезең бойынша өнер көрсетті. Көрермендер алдына шығып өздерін таныстырып, «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Өнерліге өріс кең», «Үй тапсырмасы» шарттарын орындады.

Шаңырақтың бақыты — балалар десек, олар өнерлерін  көрсетіп,  алдарына жан салмады. Әсіресе, Искаковтар отбасының  таныстыруы ерекше болды. Қасиетті тұмарды  отбасы қасиетіне санап, үш балдырған қыздарының аман-есен өсуіне, тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп отырғандықтарын байқадық. Кішкентай болса, олар өнерлерін ортаға салып, ән айтты.

 «Өнерліге өріс кең» -дегендей, қатысушылар әсем ән мен күмбірлеген домбырамен жиналғандар құлағының құрышын қандырды.

 «Үй тапсырмасында» қатысушылар  атадан балаға мұра болып келе жатқан қамшы өру, кестелеп көрпе  тігу   тәрізді  қолөнер бұйымдары мен қазіргі бисерлік өнерді де жаңғыртып жатқандары бірден байқалды. Қатысушы отбасылар сұрақ-жауап кезеңінде де тапқырлық танытты.

Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Өтенай ауылдық мәдениет үйінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты, әділқазылар алқасының  төрағасы Бақытай Түстікбаев  бұл байқаудың мақсаты ата-бабамыздың салт-дәстүрін насихаттап, отбасылық құндылықты дәріптеу екендігін айтып өтті.

 Сонымен  байқау қорытындысында,  Еңбек ауылынан келген  Искаковтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды. 1 орынды Мойнақ ауылынан келген Алғабек отбасы алды.  Қалған жүлделі  орындарды  Рахимовтар  мен   Тендік отбасы иеленді. Қатысушыларға  диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK