Ана тілінің болашағы өз қолымызда

258
дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы  халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекет тіл ретіндегі  рөлі күшейіп,ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп есептеймін деді. Қасиетті ана тіліміздің болашағы, оның мәртебесін биікке көтеру мақсатында ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұстаз ретінде көкейде жүрген көп ойдың бірді-екісін айтсам деймін.

Ешкім өзгерте алмайтын  бір ақиқат бар, ол ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілге деген бұл құрметін әрбір қазақстандық жүрегіне сақтап, үлгі ете білуі қажет. Ұлтымыздың кәусар бұлағындай ұлттық тіліміздің үлгілі тағылымдары жайлы ойымыздың тізбесін жасар болсақ, тобықты қаққан бұрымдай,аруақты жыршының жырындай болар еді.

 Мұқағали үш бақыттың біріне бағалаған қасиетті қазақ тілінің бүгінгі тағдыры қалай, тілімізді жоғалтпау мақсатында не істеу керек?  Бұл сұрақтың жауабы -латын әліпбиіне өту деп білемін.

 Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері тіл, мәдени және руханият саласында тың өзгерістер белең алғаны баршаға аян. Елбасымыз «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында  еліміздің әлеуметтік -экономикалық, инновациялық жаңғырту үдерістерімен  қатар ғылым мен білім салаларының алдында да маңызды міндеттер қойғаны белгілі. Үкіметіміздің  іске асырып жатқан «Үш тұғырлы тіл»,  қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру саясатын ана тіліміздің өзінің ішкі мүмкіншіліктерін пайдалана отырып ,өсіп- өркендеуіне, өркениетті елдермен,  тіліміздің қатынасқа түсіп, өрісінің кеңеюіне жасалып отырған ізгі қадам деп түсінемін.

Ана тіліміздің тарихына көз жүгіртсек, тіліміздің байлығы оның лексикалық, граматикалық жүйелерінде жаңадан пайда болған құрылымдармен бірге өте көнеден келе жатқан бірліктердің бар болуымен де өлшенеді. Демек ана тіліміз — түпкі тамырын жоймаған, керісінше, ғасырлар бойы дамып модернизацияланып отырған тіл. Бір сөзбен айтқанда , бұл талай ғасырдың қойнауынан ұпайы ұтылмай шыққан тіл.

 «Латын қарпіне» не үшін көшу керек?- деген сұраққа қазақ тілі маманы ретінде жауап бере кетсем,кириллица жазу қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген сөздерді қазақшалауға психологиялық тосқауыл. Ал орыс тілі қазақ тіліміздің жаңа сөздерді  алудағы негізгі «доноры» болып отыр. Сырттан енген сөздің бәрін қазақшаға аудармай ,орфографиясымен алатынымыз алаңдатады. Сондықтан сөздерді кирилмен жазатын болсақ, олар «мені орысша жаз» деп тұрады.

 Осы стереотип кеңестік жүйе дәуірі  70 жылда мықты қалыптасты.Біз кирилл жазуын да реформалап, икемдеуімізге болады,бірақ орыс тілінен  енген сөздердің легі тоқтамайды, ал стереотип  орфография  дендеп орнығатыны қауіпті. Осылайша , балаларға қазақ тілінің орфографиялық ережесіне қоса , орыс тілінің қаншама  орфографиялық ережесін оқуына тура келеді. Тіпті кейбір салаларда игерілмеген орыс сөздерінің үлес салмағы  көбейіп кетуі мүмкін. Осыны тоқтату мақсатында біз барлық  стереотиптерден ада  графиканы таңдағанымыз дұрыс деп шештік. Ол латын әліпбиі. Неге  латын қарпі? Өйткені, қазіргі жаһандану кезеңінде «Латын графикасы» деген тұжырым кез-келген жаһаният өкілінің  санасында «сапа» деген ұғыммен ассоциацияланады. Тіпті қазіргі жапондықтардың өздері танымал брендтерін латын қарпімен жазып жүргені белгілі.

 Осыдан 5-6 жыл бұрын мектеп оқушыларына  арналған 500 беттен тұратын «Емлесі қиын сөздер»деген оқулық шықты. Онда сөздер екі қатарға бөліп берілген. Осыған қарап-ақ бізде қазіргі күні қаншама емлесі бұзылған сөздердің бар екенін білуге болады. Біздің жазу жүйеміз бүгінгі күні бұзылу шегіне жетті. Тіл білімінде әріптер 20-40 арасында белгіленуі керек. Ал бізде 42 әріп,  стандарттан шығып кеткенбіз. Латын әрпіне көшу мәселесінде осы әліпбиді пайдаланып келе жатқан елдердің тәжірибесіне  көңіл қойғанымыз жөн.

Бұған қоса, мемлекеттік тіл — қазақ тілінің мәртебесін биікке көтеретін де, осы латын әліпбиі.  Ұлы халықтың ұлағатты тілінің тағдыры өз ұрпақтарының қолында. Тілімізді құрмет тұтып, бағалай білейік, тіл болашағы  өз қолымызда екенін ұмытпайық.

                                                                                              Биғайша Қауметова,

Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы

№18 орта мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары,

                              қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші.                                                                                                                                                                                      

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK