дереккөз

Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен Алматы облысы әкімінің ұйымдастыруымен өтті.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті» -деп ғасырлар кеңістігінен адамзатқа үн қатқан Абай сөзі, Абай ойы, Абай өсиетін пір тұтқан  ел жастары Жетісу жеріне жиналды. Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауының шымылдығын елімізге танымал әншілер Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтар арнау әнімен  ашып берді.

Өңірлік деңгейде көркемсөз оқу шебері атанған 17  қатысушы байқауда екі кезеңде бақ сынады. Үміткерлер қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Сәбит Дөнентаевтың 125 жылдығы мен Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай прозалық және поэзиялық шығармалардан үзінді оқыды.

Көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Абай елінен арнайы келген Тыныштықбек Әбдікәрімұлы қазылар алқасының төрағасы болса, ғалым, әдебиет сыншысы, Абай туралы «Шын жүрек, бір жүрек» атты кітаптың авторы Тұрсынжан Шапай, дарынды әнші Ерлан Рысқали, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы  Мұратбек Иманғазинов қатысушылар өнерін сарапқа салды.

Абай шығармаларын оқудан эстафеталық челлендж  ұйымдастырылып, ол республика көлемінен асып, басқа елдерден қолдау тапқаны белгілі. Бұл бастаманы көтерген Шамшырақ атты қызымыз болатын. Ол бүгінгі байқауда әділқазылық еткен Ерлан Рысқалидың перзенті.Абай оқулары  байқауына қатысушылар да  челленджде белсенділік танытты. Сондықтан да Абайдың мұрасын насихаттаған жастарды байқау  ұйымдастырушылары марапаттауды жөн деп тапты. Әлеуметтік желіде көп қаралым жинағандар жеңіп шықты. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айжан Алхабек иеленді.

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK