Талдықорғанда кәсіпқой спортшы Андрей Кивилевтің құрметіне орай велошабондоздар арасында респуликалық турнир басталды. Аталмыш додаға еліміздің 8 облысынан 150-ге жуық спортшы келген, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде жиналған қауым алдымен А.Кивилевтің рухына тағзым жасап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Саят Төлепбергенұлы сөз алып, турнирді ашық деп жариялады. Сондай-ақ, велошабандоздарға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

Төрт күнге созылатын бәсекеде 2003, 2004, 2005, 2006 жылғы жасжеткінжектер өзара шеберліктерін сынамақ. Велошабандоздар Қарабқлақ-Текелі трассасында, Мұқыры ауылында және Талдықорған қаласының «Шығыс» шағын ауданында үздіктерді анықтайды. Жеңімпаздарды марапаттау 22 қыркүйек күні өтеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, спорттық жолын өзінің туған жері – Талдықорған қаласында бастаған Андрей Кивилев жастайынан жасындай жарқырып, еліміздің маңдайалды велошабандоздарының біріне айналады. 1994 жылы Хиросимада алауы тұтанған Азия ойындарының топтық сайысында жеңімпаз атанды. Одан кейін де талай байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын абыройлы қорғаған. 1997 жылдан бері талдықорғандық велошабандоз кәсіпқойлар арасында бақ сынау құрметіне бөленіп, қарт құрлыққа танымал «Фестина», «Ag2r Prévoyance» және «Cofidis» клубтары сапында табысты өнер көрсетті. 2001 жылы Кивилев өзінің спорттық мансабындағы ірі жеңістерге қол жеткізеді. Сол маусымда бірқатар жауапты жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген ол велоспорт әлемінің ең белді додасы –  «Тур де Франс» көпкүндігінде төртінші орынға табан тіреп, төрткүл дүние жұртшылығы назарын өзіне аударды.

Алайда, жұлдызы енді жарқырап келе жатқан спортшының жапырағы орта жолдан үзілді. 2003 жылдың көктемінде Андрей Францияда дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Париж–Ницца» додасында ауыр жарақаттың салдарынан көз жұмды. Ол мәре сызығына 40 шақырымдай жер қалғанда қарсыластарымен соқтығысып қалған болатын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK