дереккөз

Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының ұйымдастыруымен  «Қан қысымын қадағалау – адамның өмір жасын ұзартады!» акциясы өтті. Ардагерлер үйінде өткен шара барысында ғимаратқа әр адамның өз-өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін электронды қан қысымын өлшеу аппараты орнатылып, жұмыс жасау барысы таныстырылды.

Қазіргі таңда Талдықорған қаласында 25 мыңнан астам Ұлы Отан соғысы ардагерлері  мен тыл еңбеккерлері  және де  зейнеткерлер тұрады.   Қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары А. Ерасыловтың айтуынша, аптасына ардагерлер хорының  мүшелері, шахмат үйірмесіне қатысушылар бар және жеке өтініштермен, жиналысқа келетін тұрғындарды қосқанда жүздеген адам осы ғимаратқа бас сұғады.  Осы жағынан алғанда, қаланың орталығындағы ғимаратқа бұл  электронды тонометрдің  орнатылғаны дұрыс. Ардагерлердің жасы 90-нан асып, 80-ді еңсеріп отыр. Жасына қарамастан олар түрлі шараларға белсенді қатысады.  «Ардагерлер» үйінің мейірбикесі  Айнагүл  Байбекова  ардагерлер денсаулығын қадағалап, қан қысымын күнделікті тексеретін. Енді бұл шаруасы электронды аппараттың арқасында жеңілдейтіндігіне қуанышты.

Ал хорға қатысушы Рысты  Мұстафина бұл жерге аптасына төрт мәрте келеді екен. Қан қысымын тез әрі өзі тексеріп алуға мүмкіндік туғандығына қуанышты екендігін жасырмады. Бұл іске ұйытқы болып отырған облыс, қала басшылығына, денсаулық сақтау саласы мекемелеріне ризашылығын білдірді.

Талдықорған қалалық  емханасының дәрігер-эпидемиологы А. Смайылованың сөзінше,  денсаулық- басты байлық. Денсаулықты сақтау мен нығайту мақсатында тұрғындар арасында қан қысымын күнделікті тексеру, белсенді өмір салтын ұстану дағдыларын дамытуға жағдай жасап, дамыту қажет. Жүрек-қан тамырлары ауруларының саны артып отыр. Әркім өз денсаулығын күту керек.

 Шарада  Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы «Adhara» ЖШС-нің қолдауымен «Ардагерлер» үйіне электронды тонометрді орнатып, оны қалай пайдалану керектігін  көпшілікке түсіндірді. Мұндай аппарат облыс орталығында өткен жылы  Алматы облыстық  мемлекеттік кірістер департаменті мен қалалық  кірістер басқармасында,  халыққа қызмет көрсету орталығында пайдалануға берілген болса, биыл «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен Алматы облыстық білім басқармасына орнатылған. Мамандардың айтуынша, халық көп келетін орындарға орнату өз пайдасын береді.  Қан қысымын өлшейтін аппаратты пайдалану адам өмірін ұзартып, аурудың алдын алуға, уақтылы дәрі–дәрмекті қолдануға  мүмкіндік берері сөзсіз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK