Елордасы Нұр-Сұлтан қаласында Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл бастаманың негізгі мақсаты – бас шаһар тұрғындарын таза әрі табиғи отандық өнім түрлерімен қамтамасыз ету. «Хан Шатырында» өткен жәрмеңкеге жалпы Жетісу жеріндегі 17 аудан, 3 қаладан  330 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімі жеткізілсе, оның біразы талдықорғандық шаруалардың үлесінде.

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, бас қаладағы сауда сөрелеріне жалпы жетісулық шаруалар өндірген ет, сүт, құрт, май, қымыз, шұбат, бал мен қант, құс және балық өнімдерімен қатар жеміс-жидектердің 50-ге жуық түрі қойылған. Соның ішінде талдықорғандық шаруалар жалпы құны 2 миллион теңгеден асатын 40-қа жуық өнім түрін саудалап қайтқан. Бастысы Арқа жұртына ұсынылған әрбір өнім күнделікті базар бағасынан әлдеқайда арзан  әрі сапалы болуымен құнды. Ол, біріншіден, қала халқын сапалы азық-түліктермен қамтамасыз етуді көздесе, екіншіден, зат бағасының беталды шарықтап кетуінің алдын алуға  бағытталған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK