Бүгінгі күні Президенттік жастар кадр резервіне өтінімдер қабылдау бойынша жұмыстар басталды. Үміткерлердің  құжаттарын тіркеу үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында  арнайы автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылған. Бұл туралы Талдықорған қаласында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев айтты.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Серікбай Өрікбайұлы:  «Президенттік кадр резерві алдағы реформалардың локомотиві болатын жастар үшін ашық әрі өте тиімді. Ол әлеуметтік басқыш құру мақсатында қалыптастырылған. Сондай-ақ, қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейіне ие. Сонымен бірге  өзін-өзі кәсіби дамытуға, оқып-үйренуге бейім, сараптамалық ақыл-қабілеті айқын көрінетін көшбасшылық сипатқа ие жастарға арналған. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 5 жылдық жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы  қатыса алады», — деді.

Департамент басшысының айтуынша, азаматтар Президенттік кадр резервіне 5 жылдық мерзімге алынады. Резервке тұрған азамат саяси немесе басқарушы лауазымдарға, ұлттық холдингтердің немесе компаниялардың басқарушы лауазымдарына тағайындала алады. Басқосуда өзекті мәселелер бойынша тілшілердің қойған түрлі сауалдарына  толыққанды жауап берілді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK