дереккөз

Талдықорған қаласындағы «Қаратал» өзені бойындағы аллеяда  «Денсаулық фестивалі» спорттық  шарасы  өтті.

Талдықорған қаласы әкімдігі,  облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мұрындық болуымен өткен шараға денсаулық сақтау мекемелерімен қоса,  мектеп оқушылары мен колледж білімгерлері  атсалысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н. Теңізбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы  Г.Жүнісова, облыстық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары А. Чарапиев қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша,  шараның басты мақсаты- белсенді және салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау арқылы халық денсаулығын сақтау мен нығайту. Ал жалпы адамзаттың ең басты құндылығы –денсаулық. Тек дені сау адамның өмірі шаттыққа, бақытқа толады. Спорт денсаулықты нығайтып қана қоймай, мінезді түзеп, ерік-жігерді шынықтырып, қиындықты жеңуге көмектесері сөзсіз. «Біз — спортты таңдаймыз» деген   қатысушылар  тобы арнайы спорттық  киім  киіп, ерекше көңіл-күймен қатысты.

дереккөз

Шара барысында Талдықорған қаласындағы олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі тәрбиеленушілері  флешмобты ұсынды. Көпшілік жүгіруді бастамас бұрын «Денсаулық бізбен басталады» атты би  сайыс өткізілді. Тамаша би өнерінен №4  білім ошағы алға шықса, №2 мен №1 орта мектептер жүлделі орындарды өзара бөлісіп, ақшалай сыйды  иеленді.

дереккөз

1 шақырымдық  көпшілік жүгіруден әйелдер арасында қалалық емхананың медбикесі А.Нұрташева –бірінші боп мәре сызығынан өтсе, одан кейін Ә.Әбдіқадырова, Ғ.Жексембаева жүлделі орындардан көрінді.

Ерлер арасында Қ. Дүйсенов, И. Макеев, М.Үйсен жеңімпаз атанды. Тағы бір айтарлығы — ең жас марафон қатысушылары да марапатқа ие болды. Ұйымдастырушылар тарапынан  жеңімпаздарға арнайы сыйлық пен мадақтама табысталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK