Қыркүйек  айының 6- жұлдызында Талдықорған қаласына қарасты  Еңбек ауылында қарилар даярлайтын  арнайы орталық ашылды. Әр мұсылман баласын ізгілік пен имандылыққа баулитын бұл медреседен бір мезгілде  20 бала білім алуға болады. Жаңа орталық Еңбек ауылдық мешітіне іргелес орналасқан. Күндердің сұлтаны, қасиетті жұма күнге тұспа-тұс келген діни білім ордасының ашылу салтанатына танымал дінтанушы ғалымдар мен мешіт имамдары және аймақтағы өзге де саланының жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, жүрекжарды ақ тілегін жеткізді.

 

   Жиналған жамағат алдында сөз алған ҚМДБ қайырымдылық және уақып қоры бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев: «Дін – иман айнасы. Ата-бабаларымыз  ғасырлар бойы аттың жалы, түйенің қомында жүріп өмір өткерсе де Алланың хақ жолынан еш тайған емес.  Күллі адамзат баласына мейір бағыштайтын осы бір қасиетті дінді берік ұстанған ұлтымыз қаймағы бұзылмаған салт-дәстүріне сабапқтастыра білген. Жер жаннаты Жетісу ұлтымыздың небір би, әулие шешендерінің кіндік қамы тамған киелі өлке. Олар кезінде бұл аймақтан үлкен-үлкен мешіт-медреселер салдырып халқымыздың дінін, тілін сақтап, ұрпақтарының білімді де білікті болуына  ерен еңбектер сіңіріп кетті. Сол үрдіс бүгінде жалғасын табуда. Бүгінгі Талдықорған қаласы аумағынан ашылып отырған діни орталық соның бір дәлелі. Енді осы жерден Алла бұйырса үлкен-үлкен қарилар оқып жетіліп, ұлтымыздың  болашағы, Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін еңбек етеді деп сенемін. Жаңа орталық құтты, жұма мүбәрак болсын!» , — деді.

Осыдан соң Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жиналған жамағатты жаңа діни орталықтың ашылуымен құттықтап, ақ тілегін арнады. ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлының айтуынша, қазірге бұл орталыққа діни білім алып, Құран сүрелерін  жаттауға ниетті 20-ға жуық бала тіркелген. Ғимарат ішінде оларға жайлы жатын орын, жуынатын бөлме, тамақтанатын  жер, сабақ тыңдап, Құран жаттайтын  үстел орындыққа дейін дайындалған.  Шара соңы жамағаттардың жұма намазын өтеуімен аяқталды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK