Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталды. Яғни, бұл – жолдан ары-бері өтетін балалар саны көбейді деген сөз. Осы орайда оқушылардың жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері алдын алу шараларын бастап кетті. Бүгінде Талдықорған қаласының көшелерінде көлік жылдамдығын бәсеңдетуге арналған бірнеше арнайы белгілер жасалған.

Қалалық полиция басқармасы, әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Самат Есболовтың айтуынша, әрбір мектепке дейінгі және білім беру мекемесінің жанында ұл мен қыз баланың жолдан өткелі тұрған сұлбасы (маникені) орнатылған. Дәл қазір мұндай белгілерді қаланың 82 жерінен кездестіруге болады. Бұл өз кезегінде көлік жылдамдығын бәсеңдетуге септігін тигізеді дейді тәртіп сақшылары.

«Біз оқушылардың қауіпсіздігін үнемі басты назарда ұстаймыз. Полиция қызметкерлері күн сайын таңғы сағат 07:30 бен 08:30 аралығында және түскі уақытта сағат 12:00 мен 14:00 де оқушыларды жолдан өткізіп тұрады», — дейді полиция подполковнигі Самат Есболов.

Еламан Тұрсынқанов:

— Жаяу жүргіншілер жолағына бала бейнесіндегі белгілерді қойғаны өте дұрыс болды. Шынымен де бұл алыстан қарағанда оқушы жолдан өтейін деп тұрғандай әсер қалдырады. Соны көріп, көлік жүргізушілері ерксіз жылдамдықты бәсеңдетеді.

 

Елқонды Андасбаев:

 

— Бұл жақсы бастама болды. Мұндай белгілер жол апаттарының алдын алуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Оқушылар да жолдан алаңсыз өтеді. Жалпы, өте құптарлық іс, қолдаймын.

 

Сондай-ақ, қала көшелерінде қауіпсіздік ережесін сақтауға шақыратын, оқушылардың жолдан алаңсыз өтуін насихаттайтын 4 билборд, ЛЭД экрандарда бейнероликтер қойылған. Одан бөлек, жылдамдықты шектеу керектігін білдіретін «40» белгісі мен жасанды төмпешіктер (лежачий полицейский) және барлық мектептің алдына сары-ақ түсті жаяу жүргіншілер жолағы жасалыпты.

Айта кетейік, бүгінде балалардың жол қауіпсіздігі өзекті. Соңғы кездері республика көлемінде балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары, кейбір жағдайларда апаттардан кейін олардың қайтыс болуына әкеліп соқтыратын жағдайлар жиілеп кеткен. Тәртіп сақшылары келтірген мәліметке сүйенсек, соңғы 7 айда Талдықорғанда 130 жол-көлік оқиғасы орын алып, 11 адам қайтыс болған. Ал, балалардың қатысуымен 37 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 1 адам қаза тапса, 40 бала жарақат алыпты. Сонымен қатар, биыл балалардың кінәсінен 5 жол-көлік оқиғасы болып, 32 адам жарақаттанған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK