Жақында әріптестерімізбен Кербұлақ ауданындағы Көксу шатқалына барып қайттық. Алматы облысының туризм басқармасы дәстүрлі «Koksu water fest-2019» атты рафтингтен жарыс ұйымдастырған болатын.

Су фестивалінің басты мақсаты – жер жаннаты Жетісудың әсем табиғатын тамашалу, өңірде туризмнің дамуына оң ықпал ету. Сондай-ақ, экстрималды спорт түрлерін насихаттап, бұқараны салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру.

Аталған шараға мемлекеттік қызметкерлер мен бірге бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған 12 команда қатысты. Тылсым табиғатымен ерекше көзге түсетін мекенде қатысушылар Көксу өзенімен 15 шақырымды жүзіп өтті. Ағысы қатты тау өзенінің толқындарымен арпалысып, ерекше күйге бөленді.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар жарысқа қатысушылар үшін барлық жағдайды жасаған. Тіпті, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, қонақжайлылықтың тамаша үлгісін көрсетті.

Сайыс қортындысына келер болсақ, Алматы облысының білім басқармасы бірінші орынды иеленсе, облыстық экономика басқармасы екінші орынға тұрақтады. Ал үшінші орын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің еншісіне бұйырды. Облыстық туризм басқармасы ұйытқы болған шара келесі жылы да өз жалғасын табады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK