Жетісулық ұстаздардың «Білім және ғылым» атты тамыз кеңесі өтті

182
Фото авторы Ж.Мұсабеков

2018-2019 оқу жылында  14733 жетісулық  түлек мектеп тәмамдады. Олардың  915-і  – «Алтын белгі», 685-і  – «Үздік аттестат» иегері атанды. 2019 жылы әкімдіктің 250 гранты, жалпы конкурсқа – 170, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына – 80, ал республикалық бюджеттен 331 білім беру гранты атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасының балаларына бөлінді. Бұл жөнінде облыстық білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.

Дәстүрлі тамыз кеңесіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті басшысының орынбасары Сәуле Қабимолдаева, республикалық, халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының  басшылары мен ұстаздар қатысты. Ағымдағы жаңа оқу жылында бірқатар  өзгеріс  бар. Атап айтар болсақ  4, 9, 10  сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес  оқиды. 10 сыныптарға «Кәсіпкерлік  және бизнес  негіздері», «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық», «Графика және жобалау» пәндері енгізілді. Сондай-ақ,  «Қазақстан тарихы» қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» орыс тілінде, «Қоғам және дін» факультативтік курсы пилоттық режимде кезең-кезеңімен  оқытылатын болады.

Фото авторы Ж.Мұсабеков

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Тамыз кеңесі – әр оқу жылы алдында білім саласындағы өзекті мәселелерді анықтап, саланың дамуына талдау жүргізіп, мақсат-міндеттерімізді айқындайтын басты жиын. Өздеріңізге белгілі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз педагогикалық конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласы қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы, жалпы ел дамуындағы рөлі туралы айта келе, «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек» екендігін атап көрсетті. Кеңес барысында Президент білім саласына қатысты  болашақ ұрпақ үшін маңызды бірқатар міндеттерді орындауды тапсырды. Биылғы оқу жылындағы жұмысымыз осы міндеттерді іске асыруға бағытталуы тиіс.  Білім саласын дамыту – халықтың болашақтағы әл-ауқатын арттырудың, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болудың, кемел келешектің алғышарты. 2021 жылға қарай 1 сыныптарға Әліппені қайтару барша қазақстандықтардың қолдауына ие болған маңызды шешім болды»-деді. Сондай-ақ, аймақ басшысы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды инклюзивтік оқытумен қамтуға баса назар аударылуда екенін айтты. Инклюзивтік білім беру балабақшаларда – 17, 7%, мектептерде – 67, 9%, колледждерде – 53, 9%  көрсеткішті көрсетеді. Алдағы уақытта арнайы мамандар қатарын толықтырып, жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жалғаса беретіндігін жеткізді. «Жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев маңызды екі бастама көтергенін атап өткім келеді, соның бірі – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау мақсатындағы «Қамқорлық» бастамасы.  «Ел үміті» атты екінші бастамасы жас таланттар мен көшбасшыларды қолдауға, оның ішінде кіші қалалар мен ауыл балаларының әлеуетін ашуға арналып отыр. Мәселен, өткен оқу жылында оқушыларымыз республикалық пән олимпиадасында – 36, республикалық ғылыми жоба жарыстарында – 33, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарда – 30 жүлделі орындарды иеленді. Аталған оқушылар негізінен облыстағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының білім алушылары. Дегенмен біз мектептер арасындағы бәсекелестікті жандандырып, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жойып, барлық балалардың тең дәрежеде өз мүмкіндігін көрсете алуына қол жеткізуіміз керек. Сонда ғана біз нағыз дарындар мен таланттарды қанаттандыра аламыз. «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы» –дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Сіздер арқылы бүкіл бір мемлекеттің болашағы қалыптасады. Осы орайда мен білім саласындағы барлық жаңашылдықта Жетісу педагогтары алдыңғы қатарда болады деп сенемін. Ұстаз жолы – ұлы жол, ұстаз – ұлағатты есім, мәртебелі мамандық»-деп Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алған Іле ауданындағы  Мұқағали Мақатаев атындағы  №13 орта мектептің директоры Гүлнар Кәдірбаеваны марапатымен құттықтады.

Фото авторы Ж.Мұсабеков

Жиын соңында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде қол жеткізген табыстары мен білім саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар педагогтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, білім басқармасының Құрмет грамотасымен,  «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK