Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерді. Бүгін Талдықорғанда Жетісу жұртшылығы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлының құрметіне орай еске алу шарасын өткізді. Жиналған қауым тау тұлғаға тағзым жасап, тастан соғылған мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Биыл Д.Қонаевтың дүниеден озғанына 26 жыл. Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға ел басқарған шағында өнегелі істерімен көзге түсіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген. Содан болар кемеңгер ұлын қалың жұрт әлі күнге дейін жадынан шығарған емес.

Еске алу шарасында сөз алған Қонаев қорының төрағасы Кәдіржан Кенжебайұлы, қоғам қайраткері Аманғазы Шегіров және қонаевтанушы Хания Есдәулетқызы Димекеңнің өмірі, өскен ортасы, еңбек жолы, игілікті істерін  баяндап, естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, Дінмұхамед Ахметұлы 1955-60, 1962-64, 1964-86 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып, елі үшін аянбай тер төкті. Ол ел экономикасы мен ұлттың мәдениетінің өркендеуі жолында білімі мен мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аямай жұмсады. Сондай-ақ, Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білген адам. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметтерін атқара жүріп, өктем саясаттың ығымен кете бермей, ел мүддесі мен болашақ қамын бір сәтке де естен шығармады.

Әсем қала Алматыда (1912 жылы) дү­ниеге келіп, мағыналы да мәнді ғұмыр кешкен Дін­мұхамед Ах­мет­ұлы қазақ халқының жүре­гінде, жа­дында. Ол өзінің телегей теңіздей білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына, ұлтына арнап, 1993 жылы 81 жасқа қараған шағында Алакөл айдынында 22 тамыз күні қайтыс болды. Мансап пен байлықтың құлы болмай, өзінің  емес, қара ормандай халқының, ұлты мен ұрпағының қамы үшін адал ғұмыр кешіп көпке үлгі болды. Оның даңқты есімі ешқашанда ұмытылмақ емес.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK