Бүгін Талдықорғанда халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы жәрмеңке өтті. Шара барсында жергілікті әкімдіктің атқарушы органдары мен «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері шаһар тұрғындарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді электронды түрде алудың тиімділігін түсіндірді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметтерді көрсететін атқарушы органдардың ғимараттарында, барлық мектептер мен мемлекеттік балабақшаларда «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» орнатылған. Енді, қандай да бір анықтама қағаз алу үшін бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ұзын сонар кезек күтіп тұрудың қажеті жоқ. Яғни, жоғарыда аталған «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» мен мемлекеттік қызметтерді «Азаматтарға арналған Үкімет «Еgov.kz» веб-порталы арқылы электронды түрде алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, сала мамандары жәрмеңке барысында халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды түрде оңай алу үшін «Telegram Bot», «Мgov.kz» және «Digital agent» мобильдік қосымшаларын қолдануды үйреттті.

Бұдан бөлек, облысымызда «Е-zhetysu.kz» порталы, «Mektep SitCen» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Мұндағы «Е-zhetysu.kz» порталы мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепалды балалар ұйымдарына кезекке қоюмен айналысады. Яғни, кез келген ата-ана осы портал арқылы өзі қалаған бала-бақшаны таңдап, баланы кезекке қоя алады. Бүгінгі күні қаламызда 67 бала-бақша бар, оның 16-сы мемлекеттік.

Ал, «Mektep SitCen» жобасы 1-ші сыныпқа баратын балаларды тіркеуге арналған. Мамандардың айтуынша, биылғы жаңа оқу жылында қаладағы 25 мектепке шамамен 4 мыңға жуық баланы 1-ші сыныпқа қабылдау жоспарланған. Ата-аналар «Mektep SitCen» жобасы арқылы баласын үйінде отырып-ақ мектепке тапсырыс бере алады.

Айта кетейік, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс деп мәлімдеген болатын.

Аталған тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің қолдауымен Талдықорған қаласы әкімдігінің атқарушы органдары және «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын атқарып келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK