Келер жылы танымал ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің және қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы. Осы айтулы датаға орай қазақстандықтар ұлы ойшылдың шығармаларынан үзінді оқып, әлеуметтік желілер арқылы эстафета жолдауды бастап кетті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Алғашқыда Абайдың өлеңдерін оқу эстафетасын 9 жастағы оқушы Ләйлім Шырақ бастап, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын. Президент ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып, эстафетаны білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді. Кейін эстафетаны қабыл алған үшеуі де Абайдың туындысын оқып, челленджді әрі қарай жалғастырған. Бүгінге дейін эстафетаны қабыл алған еліміздің шоу-бизнес жұлдыздары мен шенеуніктері ұлы ақынның туындыларынан үзінді оқыды. Ресейлік композитор Игорь Крутой да Димаш Құдайберген жолдаған эстафетаны қабылдап, Абайдың бір өлеңін оқыған еді.

Айтулы челенджге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов та қолдау білдіріп, ақынның туындысынан үзінді оқыды. Артынша осы өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдер, кітапханашылар және өнер адамдары эстафетаны жалғап, белсенділік танытуда.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей өңіріне жұмыс сапарымен барғанында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өту керектігін айтқан. Осы орайда үкіметке ақынның мерейтойына қажетті шараларды әзірлеуді тапсырған болатын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK