Жыл сайын Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен көптеген ақын-жазушыларымыздың кітаптары жарық көріп жатыр. Жақында «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша тағы да 41 кітаптың тұсауы кесілді. Осы кітаптардың қатарында бүгінде республикаға танымал, көптеген зерттеу мақалалардың авторы, жас та болса болашағынан үлкен үміт күттірер қаламгер әріптесіміз, өлкетанушы, ілиястанушы — Қажет Андас пен қарындасы Мақпал Андастың Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына орай шығарылған «Қазақ журналистикасының жампозы» атты тамаша туындысы да бар.

Қос автордың айтуынша Ілияс мұраларын іздестіру оңайға соқпаған. Облысымызға тан-
ымал азаматтар, ілиястанушылар қолдап, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қорлар мен қолжазбалар бөліміндегі еңбектерді іздеп табуда үлкен табандылық танытқан. Ондағы шығармаларды кітапхана тәртібі бойынша қолға берілмейтін-діктен, көшірме нұсқасын жасауға, суретке түсіріп алуға рұқсат етілмегендіктен, толығымен қолмен көшіріп шығуға тура келген. Ақын мұрасына деген перзенттік борыштарын адал атқаруды көздеген ағайынды зерттеу-шілер ілиястанушылармен ақылдаса отырып, 1913-1929 жылдар аралығында Ілияс Жансүгірұлы қолданған 42 бүркеншік есімді тұрақтандарып, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Мемлекеттік және Алматы облыстық мұрағатында, ақын атындағы әдеби музей қорындағы сақтаулы тұрған төте жазумен жазылған еңбектерді електен өткізіп, оқыр-мандарға тарту етіп отыр. Екі бөлімнен тұратын кітапта Ілиястың ақындықтан гөрі қазақ баспасөзінің өркендеуі мен өсуіне қосқан мол үлесіне көз жеткізе аламыз. Біз газетіміз арқылы Қажет және Мақпал Андастың жаңа жарыққа шыққан зерттеу мақалаларының біразымен оқырмандарымызды таныстыруды жөн көрдік.

ІЛИЯС – ЕҢ АЛДЫМЕН ЖУРНАЛИСТ

Несін жасырайық, біз әлі де Ілияс туралы кезінде Кеңестік идеология жасап берген шиырдан шыға алмай келеміз. Мұрағаттардағы қолға түскен дерек пен дәйектерге сүйене отырып, осы бір тұжырымның Ілиясты ақтап алу үшін Мұхаметжан Қаратаев бастаған ұлт зиялыларының көп еңбектенгенін байқадым. Олар Ілиясты Батыраштардан қорлық көрген Құлагерге теңеп, оны еңбекші елдің адал перзенті тұрғысынан көрсету арқылы ақтап алуға тырысты. Олардың бұл пиғылын сезе қойған Кеңестік биліктің жандайшаптары мен НКВД-нің жендеттері Ілиясты қыршынынан қиылған Құлагер ретінде көрсетіп, «Аяғыңды аңдап баспасаң, сенің де өмірің қыршынынан қиылатын болады», – деп қазақ жастарына ескерту жасаудың таптырмас құралы ете қойды. Осы бір тұжырым Ілиястың ақталуына себеп болғанымен, тағы бір жағынан қазақ баласының аяғын тұсайтын түсінік қалып келеді. Тіпті, әлі күнге саяси өмірімізге қолданып келеміз. Ендеше, бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпақтарына Ілиястың азаматтық, алғабасарлық, ізгілік жолын нұрландыратын өмір жолын насихаттаудың пайдасы мол деп есептеймін.
Ілиясты «Қазақ жырының Құлагері» деп бағалаудың өзі – қызыл саясаттың жемісі. Менің осылай айтуым біраз адамдардың сынына ұшырап жүргені анық. Оны жоққа шығармаймын. Өйткені, Ілияс Жансүгіровты бүгінге дейін қазақ жырының құлагері деп таныдық. Әлем қазақтары, тіпті Ілияс шығармаларының аудармаларын оқып жүрген шетелдіктерде осылай деп қабылдайды. Бұл арқылы Ілиястың поезия тұрғысынан «Қазақ жырының Құлагері» деген мәртебеге ие болғанын жоққа шығармақшы емеспін. Оны ешкімде жоққа шығара алмайды. Қайта жыл өткен сайын бұл бағаның құндылығы айшықталып, биіктеп, жарқырап, айналасына шуақ шаша береді. Ілиястың ақындық, қаламгерлік тазалығына бойлайтындар жыл жылжып, ғасыр ауысқан сайын көбейе беретіні де белгілі. Бірақ, Ілиясты тек «Қазақ жырының құлагері» деп қана тану оның азаматтық келбетіне тұтастай баға беруге жеткіліксіз. Бұлай баға берілудің өзіндік себебі болды.
Өкінерігі, осы күнге дейін Ілиястың тұтқындалу себебі мен ақталу барысы басы ашылмай, толық зерттелмей келеді. Ілиясты Кеңес билігі қанша тез тұтқындап, ату жазасына бұйырғанмен, оның ақталу барысы оңай-оспақ болған жоқ. Қазірге дейін біздің қолымызда Ілиястың тұтқындалуы мен ақталуына қатысты азын-аулақ қана дәлелді құжаттар бар. Қолымызға тимеген дүниелер қанша ма?. Өткен жылы Алматы облыстық ішкі істер басқармасының архивінен Ілияс Жансүгіровтың төлқұжат пен абақтыда түсірілген суреті табылды. Ол нақты айғақ ретінде дерек бергенімен, мәселенің мәнін ашуға жеткіліксіз. Осыдан-ақ, архивтерде біз көрмеген талай жазбалар мен айыптаулардың жатқаны белгілі. Бұл материалдық дәлелдер.
Ал маралдық тұрғыдан да Ілиясты ақтау оңай болмағаны белгілі. Бұл іске сол тұстағы қазақ зиялылары толығымен атсалысты. Бірақ кеңестік биліктің ызғары олар тірі кезінде Ілияс Жансүгіровты ақтап алу туралы істеген істерін, қолданған тәсілдерін, амал-айласын бетпе-бет айтып кетуге мүмкіндік бермеді. «Халық жауы» деген жаманаттан арашалап алу үшін Ілиясты Батыраштардан қорлық көрген Құлагерге балап, оны еңбекші елдің адал перзенті тұрғысынан көрсетуге тырысты. Бұл талпыныс Ілиясты ақын ретінде ақтап алда нәтиже берді. Бұны сол ағаларымыз ашық айтпаса да, Ілияс шығармашылығы туралы зерттеу еңбектерінде бүркемелеп көрсетіп кетті. Мысалы, «Құлагердің (түпкілікті Ақанның) дүлдүлділігі мен Ілиястың дүлдүл ақындығының арасында, Құлагердің (оның ар жағындағы Ақанның) жау қолынан мерт болуы мен Ілиястың жау жаласынан мерт болуының арасында қандай да болса (мейлі, кездейсоқ дейік) үндестік бар», – дейді Мұхаметжан Қаратаев. Бұндай дәлелді Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Рақманқұл Бердібаев, Әнуар Әлімжанов, Қалижан Бекхожиын, Темірбек Қожокеев, тағы да басқа зерттеуші ғалымдардың еңбегінен кездестіруге болады. Бұл сол тұстағы кеңестік идеологияға сыйымды ұсыныс әрі өз бастарына төнетін қауіп-қатерден де сақтап қалудың таптырмас жолы болды. Осы бір тұжырым Ілиястың ақталуына себеп болғанымен, тағы бір жағынан азаматтық, алғабасарлық, күрескерлік, ізгілік жолын зерделеуге кедергілік етті. Шындығында, Ілиястың тағдыры жау қолынан мерт болған Құлагер емес, өмірі мен өрлігі сүйікті халқын мәңгілікке бастайтын Шалқұйрықтардың тағдыры деп санау керек.
Ілияс тек қаламгер ғана емес. Ол — сан қырлы адам. Оның жазбаған тақырыбы жоқ. тіршілігінде барлық қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелерге белсенді араласқан азамат. Сол қызметтегі Ілиястың орны, ролі, беделі, ықпалы, тағы да басқа азаматтық болмысын баспа сөздердегі публицистикалық еңбектері мен архив материалдарындағы баяндамалар арқылы анықтауға болады. Ілиястың ақындығы әлде қашан дәлелденіп үлгерді. Оған ешкім көлеңке түсіре алмайды. Бірақ Ілиястың қоғамдық қызметтегі салмағы мен журналистік тұлғасын салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ақындығынан әлді қайда биік тұрады. Ілиясты журналист ретінде қарастыру оның азаматтық өмірдегі ролін қалыңдата түседі деген ұстанымдағы адаммын.
Басқа қоғамдық ғылымдар секілді қазақ журналистикасы қалыптасу, даму процесін бастан кешті. Егер қазақ журналистикасының жекелеген элементтері ХІХ ғасырда көріне бастады десек, ХХ ғасырда бұл ғылым саласы баспасөздің қиюы мен түлеуіне қатысты туып, қалыптасып, дами бастады. Қазақ журналистикасының қоғамды танып-білу жолы, ұғым-түсініктері, теориясы, әдіснамасы бірден пайда бола қойған жоқ, қиын-қыстауға толы ұзақ та күрделі тарихи жолды бастан кешірді. Осындай қиын-қыстау жолды басып өтіп, бүгінгідей биікке жетуі оның қайнар көзі, кәусар бұлағы болып Ілиястай ірі тұлғаның тұрғандығы дер едім. Бұл — баспасөздерде жарық көрген Ілияс еңбектерін саралап, даралап зерттеу барысында көз жеткізген тұжырымым.
Біріншіден, ол қазақ баспасөзінде ерекше орны бар «Қазақ», «Ақ жол», «Жас Алаш», «Социалды Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жетісу» газеті сияқты өміршең газеттер мен «Әйел теңдігі», «Әдебиет майданы», «Жаңа әдебиет», «Жаршы» сияқты журналдарда белсенді еңбек етті. Яғни, оның публицистикалық еңбектері газет-журналда тілші болып жүргенде жазылды. «1920 жылы жаздай ел ішінен комиссияға әдебиет жинау қызметінде болып, күзде комиссиямен бірге Ташкенге келдім. Ташкенде алғаш қазақ институты ұйымдастырылған жыл екен. Оның жанындағы 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курсқа түстім. Қазақ ана тілін, орысша таңбаны сонда оқыдым. Қалалы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жерде өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып, қалезейде өлең оқып, баламен айтыстым. Бірақ жазумен айналысқаным жоқ.
Аз күннен кейін оқи жүріп, «Ақ жол» газетіне корректор болып кірдім. Мұратбайұлы Ғанидың ұйымдастыруымен «Жас Алаш» газетін шығардық. «Жалпы жас» деген өлеңім сол газеттің бірінші санында басылды. Газеттің бас мақаласын да мен жазғанмын», – деп жазады Ілияс өз өмірбаянын.
Демек, Ілияс алғы сөзін жазып, ұйымдастыруына ат салысқан әне-міне жүз жасқа толатын «Жас Алаштың» қазақ баспасөзіндегі салмағы өздеріңе мәлім, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан», өткен жылы 100 жылдық мерейтойын тойлаған Алматы облыстық «Жетісу» газеті — Ілиястың ең өнімді, шұғылалы еңбек еткен басылымдары. «Қазақ» газетінің бір өзі — 1913 – 1918 жылдар арасындағы аумалы-төкпелі қазақ қоғамының сипатын түсіндіретін бірден бір газет. Осы басылымдардың бағы үстем, бағыты айқын болуында Ілиястың төккен тері көп болды десек, қателеспейміз. Мұндай бақ сол тұста да, бүгін де ешбір журналистің маңдайына қонып көрген жоқ.
Екіншіден, өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақ баспасөзінің тілінің қалыптасуы үшін жанын сала күрескеннің бірі – Ілияс. Оның «Абай кітабы», «Баспасөзді қалай көтермелеу керек?», «Пән атамалары», «Мәскеу баспасындағы қазақша кітаптар», «Емле жайлы», тағы басқа да еңбектерінде қазақ баспасөзінің қадірін арттырудың толғақты мәселелері көрсетілсе, өзі қазақ журналистерінің алғашқы легін қалыптастыруға жанын сала еңбек етті. Бұл- беті ашылмаған тақырып.
Үшіншіден, қазақ журналистикасы тарихында «Кереге» газеті жайлы көзқарас» атты дипломдық жұмысты Мәскеуде қорғаған тұңғыш кәсіби журналист Ілияс екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ал қазақ баспасөзіне қажетті терімші, корректор, әріп тізуші мамандарды алғашқылардың бірі болып Қазақ институтын басқарып тұрғанда арнайы курс ашып, тәрбиелеген де сол бабамыз. Өкінішке орай, қазірге дейін Ілиястың қомқорлығын көрген, баспасөз саласында ұстаз тұтқан шәкірттері туралы зерттеген адам жоқ.
Төртіншіден, қазақ журналистикасына очерк, фельетон, ақ өлең, шолу, ақпараттық сын жанрын енгізген талантты журналист екенін де ешкім терістей алмайды.
Ойды ой қозғап, осы тұсқа келгенде алдымыздан тағы бір дерек сап ете қалды.
Осы құжатты көріп, тағы да тереңірек бойлай түсуге тұра келді. Сөйтсек, Ілияс РОСТА (Российское телеграфное агентствоның) Қазақстандағы тілшісі болып жұмыс атқарған екен. Бұл Ілиястың сол тұстағы қазақ тілді басылымдармен қатар орыс тілді баспасөздерге де жазып тұрғанын білдіреді. Ондағы дүниелерді анықтау қазірше мүмкін болмай тұр.
Бұл айтылғандарды нақты мысал, бұлтартпас дәлелмен айна — қатесіз анықтап бере аламын. Қазірше осы айтқандарым «Ілиясты журналист ретінде қарастыру керек» деген тұжырымымның дұрыстығын дәйектеп бере алады деген ойдамын.
Ілияс сияқты саяси қырғынның құрбаны болған Алаш арыстары жайлы сөз бола қалғанда, тағы да қазақ жазушыларын сұмырай етіп көрсететін көзқарастан әлі де арыла алмай келе жатқанымыз қынжылтады. Шындығында, өткен ғасырдың 30 – 40-шы жылдары аралығындағы баспасөздерді ақтарып қалсаңыз, қазақ зиялыларының бірін-бірі аяусыз қаралаған мақалаларға көзің тұнады. Бұл- шындық. Түптеп келгенде, соның бәрі НКВД жендеттерінің қолдан жасаған ойыны екенін мойындағымыз келмейді. Басқасын қайтелік, біз Ілиястың тұтқынға алынуы үшін осы күнге дейін кейбір ел ағасы болған жандарды кінәлап келеміз. Бірақ, мұрағаттағы құжаттарды тексеріп көргенімізде Ілиясқа қатысты кейбір айыптауларға сол ағаларымыздың (атын атамай-ақ қоялық) қол қойғаны анықталды. Өкінішке орай, қолға түскен сол құжаттарды арнайы сараптамадан өткізгенде қойылған қолдардың алуан түрлілігін байқап қалдық. Біз сонда ғана Ілиясты қаралаған сол құжаттардың біріне есіктегі күзетші, енді біріне еден жуушы, енді біріне тергеушінің қол қоя салғанын аңғарғандай болдық. Мұндай қитұрқылықты сол ағаларамыздың өздері де білмей кетті. Екіншіден, Ілиясты ақтап алу үшін Қаратаевтің қаншалықты күрескенін ескерсек, НКВД-нің жендеттері қазақ зиялыларының арасына осылай от тастап, бірін-біріне айдап салғанын оп-оңай біле аламыз. Сондықтан біз жастарға сол кездегі қазақ зиялыларының бір-біріне жау болмағынын дұрыстап түсіндіріп, сол ақтаңдақтың Кеңестік саясаттың зардабы екенін ашып беруіміз керек. Осындайда: «Киімді шайтаннан жан қалмайды» деген халық нақылы ойға оралады. Сол ақиқатты анықтау да үлкен еңбекті қажет етеді.
Мұрағаттағы іспарақтарынан Ілиясты тергеу барысында оған «Жапонның тыңшысы» деген кінә тағылғанын білдік. Расында, Сәкенге ағылшынның, Бейімбетке француздың тыңшысы, тағысын тағы түрлі айып тағылған екен. Біз бүгінге дейін мұның өзі шындыққа жанаспайды деп келдік. Алайда, мұрағаттағы және баспасөздегі Ілиястың қолжазбаларын зерделеу барысында тағылған айыптардың шындыққа жақындығын сезінгендей болдым. Өйткені «Тілші» және «Еңбекшіқазақ» газеттерінің сарғайған сандарын ақтарып отырғанда «Шетел жаңалықтары» деген айдармен берілетін саяси шолуларды көзіміз шалды. Онда Жапония сияқты азиялық мемлекеттер мен өркениетті Еуропа елдерінің мәдениет, экономика, тағы басқа да саладағы жаңалықтары мен тәуелсіздікке жету жолындағы күрестері жазылып, оқырманға түсіндіріліп отырған. Сол барыста Ілиястың жапондықтардың мәдениеті мен тарихы, өнері мен өрлігі туралы көбірек жазғанын байқаймыз. Сайып келгенде, Сәкен, Бейімбет, Ілияс «Қосшы» ұйымындағы беделін пайдалана отырып, публицистикалық шеберліктерімен халықты, әсіресе, ұйқыда жатқан қазақты оятуды мықтап қолға алған. Қазақта: «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл бар. Яғни, 1991 жылы халқымыз мәңгілік егемендікке қол жеткізді. Осы тұрғыдан келгенде, оларға тағылған айыптаудың шындыққа сәйкес келетін тұстары бар.

Қажет Андас, Мақпал Андас.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK