Еліміздің мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі 14-тамызда атап өтіледі. 2014 жылы осы күні салық, кеден комитеттері және қаржы полициясын экономикалық-каржы бойынша тергеу саласымен біріктіру болды. Көксу ауданы бойынша мемлекетік кірістер басқармасының тарихы еліміздің қаржы жүйесіндегі қайта құрылу саясатына байланысты 1991 жылдың 1 маусымынан басталады.

Ең алғаш құрылған кезде Көксу аудандық салық инспекциясы деп аталып, басшылық қызметін Жанат Өрнекқызы Тастемірова атқарды. Ол кезде салық инспекциясының штатында 12 инспектор қызмет жасаған. Алғашқы жылдардан салық саласының іргетасын қалап, салық еңбегінің қиын кезеңдерін бастан өткізген салық инспекторлары – Шалабаева Раушан Тұрлықазықызы, Қасымова Биғайша Қамиқызы, Абдрахманов Дәурен Сейітқалиұлы сынды мамандар бүгінгі күнге дейін өздерінің есеулі еңбегімен көзге түсіп, жастарға үлгі болып отыр. Ал, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер органының үздігі Айтахунова Ләззат Сағынбекқызы облыстық департаментте басқарма басшысы лауазымында абыроймен қызмет жасауда. Салық органынан зейнетке шыққан ардагерлерімізді ерекше атап айтқымыз келеді. Көксу ауданы бойынша салық басқармасында 20 жылдай табанды еңбек етіп, бүгінгі күні сол бейнеттің зейнетін көріп отырған Искакова Майнұр Мұсақызының, салық басқармасында қызмет жасағанға дейін ауданымыздың қаржы-экономикалық саласында отыз жылдан аса қажырлы қызмет еткен ардагерлеріміз Мұқанов Амангелдінің (марқұм), Капкова Раиса Николаевнаның еңбегін зор мәртебемен атауға болады. Сонымен қатар әр жылдары ұжымға басшылық жасап, аудан бюджетіне мерзімінде салық және басқа да түсімдерді түсіруге қажырлы еңбек еткен Тазабеков Ахмет Қалиұлын, Абдымананов Арман Абдымананұлын, Ахметов Елдос Тұрсынбайұлын, Түсіпов Санат Түсіпұлын, Нұрғалық Нұрлан Нұрғалықұлын, Бектасова Альмира Амангелдіқызын, Бекмұхамбет Оразтай Нұратайұлын атап өткен жөн. Нұрғалиев Қанабек Досжанұлы 2001-2005 жылдары басшы орынбасары, 2010-2014 жылдары аудандық Салық басқармасын басқарды. Салық саласы алғаш құрылған жылдардан бастап, осы саланың қазанында қайнаған, инспекторлықтан басшылық қызметке дейін көтеріліп, өзінің табанды еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Салық Қызметінің үздігі атағымен, ҚР Салық Комитетінің төрағасы Д.Ерғожиннің Алғыс хатымен, Алматы облысының салық департаментінің және Көксу, Ақсу ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
2015 жылдың қараша айынан 2017 жыл аралығында арамызда жарқылдап жүрген, үлкенге ілтипатты іні, кішіге арқасүйер аға, отбасының тірегі, шаңырағының иесі болған, облысымыздың әр өңірінде салық органдарында елеулі қызмет жасап, экономикалық дамуына зор ықпалын тигізген, жалған өмірден мәңгілікке сапар шеккен, бірақ тірлікте істеген жақсы істерімен өшпейтін із қалдырған Байсаринов Айтқали Сейітқалиұлы басшылық қызметін атқарды. Айтқали Сейітқалиұлы 1991 жылдан облыстық аппаратта, Ескелді, Панфилов,Ақсу аудандарында қызмет атқарып, атқарған еңбегі еленіп Қазақстан Республикасының Салық Қызметінің үздігі атағымен, ҚР Салық Комитетінің, Алматы облысының әкімі, салық департаментінің Құрмет грамоталарымен марапатталған еді.
Бүгінгі таңда озық тәжірибелі қызметкерлердің парасат пайыммен еңбек етуіне ұйытқы болып, жоғары талап қоя білетін білікті басшы Құралбаев Қанат Сыбанбайұлы Көксу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының тізгінін ұстап отыр. 1991 жылдан Жамбыл облысы Талас аудандық мемлекеттік Салық комитетінің бастығының орынбасары, Алматы облысы бойынша департаментінде Алматы, Қапшағай қалаларында Бостандық, Талғар, Жамбыл аудандарында басшылық қызметтер атқарып, атқарған еңбегі еленіп Қазақстан Республикасының Салық Қызметінің үздігі атағымен, ҚР Салық Комитетінің, Алматы облысының әкімі, салық департаментінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Аталған басшылардың білікті басшылығымен барлық көрсеткіштер бойынша біздің ұжымымыз алдыңғы қатардан көрінуде.
Сонымен бірге әр жылдары салық басқармасында қызмет жасап, ауданның экономикалық дамуына зор ықпалын тигізген, бүгінгі күні әртүрлі салаларда қызмет жасап жатқан: Гүлнар Ганнибалқызы Абдумомунова, Құлбеков Құмар Түбекұлын, Нұрмұқаев Мұхамедқазы Асқарұлын, Жайлаубеков Батырхан Арынұлын, Бекбасов Асқат Мейірбекұлын және бүгінгі күні облыстық кірістер департаментінде қызмет атқаратын Қожабеков Ербол Қалиұлын, Әлдибекова Салтанат Жұмаханқызын, Күнболатова Әсем Калиханқызы және Сарқан ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ақбаев Тасқын Тұрагелдіұлын атап өткенді жөн көріп отырмыз.
Көксу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының негізгі мақсаты республикалық және жергілікті бюджеттердің жоспарын сапалы орындауды қамтамасыз ету.
Аудан шағын болса да, нарық жылдарында тұралап қалған біраз жұмыстар соңғы жылдарда жоғары көрсеткіштерге жетіп, бюджеттік төлемдер, салық көлемі өсіп, тынымсыз атқарылған жұмыстардың нәтижесін беруде. Бүгінгі биігімізден өткен күндерге көз салып қарар болсақ, 2014 жылы мемлекеттік бюджетке нақты түскен түсімі 903 015,8 мың.теңгені құраса, 2018 жылы түскен түсім 1 333 009,9 мың. теңгені құрады, яғни, бұл көрсеткіш 429 994,1 мың. теңгеге көбейіп, немесе 0,7 есе артып отыр. Жыл сайын бюджетке түсетін түсімнің жалпы, республикалық және жергілікті болжамдары 100 пайыздан асыра орындалып, 2019 жылдың 1 жартыжылдығының рейтинг көрсеткіштері бойынша 1-ші орынды иеленіп отыр.
Осындай жетістіктерге қол жеткізгеніміз, мемлекеттік кірістер басқармасында еңбек атқарып жүрген қызметкерлеріміздің арқасы екені даусыз. Қазіргі кезде ұжымымызда 14 қызметкер жұмыс жасайды, олар есептеу ,талдау және ақпараттық технологиялар, құқықтық-ұйымдастыру және мәжбүрлеп өндіріп алу, заңды тұлғаларды әкімшілендіру және өндірістік емес төлемдерді, жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімдеріне бөлінген.
Салық саласында көптеген өзгерістер мен жаңашылдықтар бағдарламаларымызға еніп отыр, осындай тың бастамалардан кенже қалмай зор ізденіс үстінде еңбек ететін әріптестеріміз, әр жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер органының үздігі атағымен Алматы облысы әкімінің, облыстық салық департаментінің Құрмет грамоталарымен, Көксу ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Саят Қалиясұлы Қашағанов, Қапал, Ақсу аудандарында қызмет етіп, саналы ғұмырын қаржы,салық саласына арнап, 30 жылдан аса қажырлы еңбек еткен тәжірибесі мол маман Қажымұрат Ахметов Райханұлы қазіргі таңда біздің басқармада өз қызметін жалғастырып, тәжірибе бөлісуде, құқықтық-ұйымдастыру жұмысы және мәжбүрлеп өндіріп алу бөлімінің басшысы Фатима Күлназарова, өндірістік емес төлемдер әкімшілігін жүргізу және арнаулы салық режимі бөлімі басшысы Темірлан Нүсіпов, заңды тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Клара Нұраділовалармен қатар жас болса да тәжірибелі мамандар бөлім басшысы Эльмира Ермұхамбетова, бас салық мамандары -Анар Назарбекова, Гаухар Мырзашева, Жүнісова Айгүл және Раушан Низамовалар әлі де өз мамандықтары бойынша талай жетістіктерге жететініне күмәніміз жоқ. Осындай майталман мамандармен қоян-қолтық еңбек етіп, күн сайын тәжірибе жинақтап, қанаттарын қатайтып жүрген жас мамандарымыз ертеңгі күні салық саласының болашағы деп сенеміз.
Жалпы айтқанда, ұжым қызметкерлері Елбасы саясатын қолдайды. Мемлекеттік тіл саясатын берік ұстанған мекеме қызметкерлері салық саласында ғана емес, қоғамдық өмірге де белсене араласып, мемлекеттік мерекелер мен айтулы күндерде мәдени және спорттық шараларға да қатысады. Салық саласында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры мықты, Туы биік болуына, Көксу ауданының бюджет қоржынын толтыруға аянбай тер төгіп, жоғары көрсеткіштермен көрінуге қашанда дайын.

Көксу ауданы бойынша
мемлекеттік кірістер басқармасы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK