Жеңісімді жастарға арнаймын

133
Дереккөз

Жетісу әуел бастан-ақ  ұлы тұлғалар елі. Небір бабалар мен даналарды түлеткен киелі мекен.  Қазаққа Молықбайдай күйшіні, Сүйінбай, Жамбыл, Ілияс, Мұқағали, Жұматайдай  жыр жампоздарын, Әбілхандай ұлы суретшісін,  Нұрғисадай дара ұлын, Бикендей дана қызын, Дәнештей дүлдүл әншісін сыйлады. Осындай асылдың сынығындай текті жандардың ізін жалғастырар жас  ұрпақ та жетістіктерімен өңіріміздің даңқын асқақтатуда. Шынайы талант иесінің тасада қалмасы хақ. Кейіпкеріміз 19 жасар Дәурен Берікболов ән әлемінде өзіндік жолын қалыптастыруда.

Дереккөз
  • Әңгімеміздің әлқиссасын туған жер, өскен ортадан бастасақ.

Негізі Сарқан ауданы, Лепсі кентінде дүниеге келгенмін. Одан кейін қасиетті бабалар мекені саналар Қаратал ауданына қоныс аудардық. Үштөбе қаласындағы І.Есенберлин атындағы орта мектепте білім алдым. Қазіргі таңда І.Жансүгіров атындағы ЖМУ білімгерімін. Елбасының «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды»-деген сөзі есіме түсіп отыр. Расында мен үшін  кіндік қаным тамған, өскен өңірімнің тау мен тасы, сайы мен қырқасы, нуы мен суы, бәрі-бәрі қымбат.

Дереккөз
  • «Өнер жолы – ауыр жол». Қызығы мен қиындығы қатар жүрер бұл салаға  қалай келдіңіз?

Өнер әкенің қаны, ананың ақ сүтімен бойыма дарыды. Себебі, қос жақта да өнерлі жандар баршылық. Бойымдағы талантты тағдырдың тартуы деп білемін.   Бала – арман, бүгінгі – мақсат, ертеңгі – нәтиже. Ата-анамның тәрбиесі, бала күнгі армандарым осы сәтке жетелеп әкелді десем қателеспеспін. Әрқашан тілеуімді тілеп, тақымын қысып отырар, шынайы жанашырларым ата-анама алғысым шексіз. Мектеп кезінде қосымша  Эстрада-вокал балалар шығармашылық орталығында оқыдым. Бірқатар жарыстарға қатыстым. Кейіннен «Қаратал», «Текелі», «Жетісу жұлдызы» атандым. Майра Ілиясованың жетекшілігімен қолға алынған «Самға жұлдыз» байқауында Меруерт Түсіпбаевамен бірге өнер көрсетіп, лауреат атандым. «ЖМУ сұлтаны»,  облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауында бас жүлде иегері атандым.  Сәуле Жанпейісованың «Аманат music» халықаралық байқауының облыстық кезеңінде бас жүлде, Алматыда өткен  екінші кезеңінде II  орын иелендім. Осылайша  Астана қаласында өтетін ақтық кезеңге жолдама алдым. Осындай кішігірім жетістіктер өнердің нағыз қайнаған ортасына енуіме, ыстығына күйіп, суығына тоңуға  алғашқы баспалдақ іспетті.

Дереккөз
  • Қырғызстанда өткен байқаудан елге жүлделі оралдыңыз. Сайыс жөнінде айта отырсаңыз.

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев  «Мәдениет  ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады»-деген болатын. Әлемдік аренада қазақ әнін шырқап, көк Туымызды желбірету көптен бергі арманым еді. Өзімді басқа қырымнан байқап көргім келді. Аталмыш байқау  биыл төртінші мәрте ұйымдастырылды. Бұл жөнінде ең алғаш Бекзат Ағияр айтып, қатысуға кеңес берді. «Тек облыс, республика көлемінде ғана емес халықаралық дәрежеде де өнер көрсетуің қажет» деп баса айтты. Алматы қаласындағы  іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, байқауға қатысу бақыты бұйырды.  Үндістаннан, Ресейден, Қытайдан, сонымен қатар Түркі мемлекеттерінен өнерпаздар келді. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бастапқыда «Қырғызстаным», екінші кезеңде Құрмаш Махановтың «Гүлстан-Қазақстан»  әнін орындадым. Бірінші кезеңде қазылар алқасы толықтай жоғарғы баға қойды.  Алғашқы шет елдегі сайысым болғандықтан, сахнада көзіме жас алдым. Енді осымен тоқтап қалмайын деген ойым бар. Қыркүйекте Моңғолияда өтетін өнер додасына барсам деп жоспарлап отырмын. Себебі, әр байқау мол мүмкіндіктер бастамасы әрі өзіңе тәжірибе жинақтайсың, ысыласың. Осы ретте менің шығармашылығымның шыңдалуына, сахна мәдениетін үйреніп, белгілі бір белесті бағындыруыма өзіндік септігін тигізіп жүрген, өмірде де ағалық ақылдарын айтып, бар білгенімен бөлісе білген  жандарға алғысымды білдіргім келеді. Әуеліде айтып өткен ҚР Мәдениет саласының үздігі, хореограф Бекзат Ағияр, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Медет Тұзбаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас, Қаратал ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Еркебұлан Накипов, «Қаратал» АҚ басшысы Серікжан Смаилов, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев, Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Болат Сериевтің қолдауын ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, Қаратал аудандық мәдениет үйінің басшысы Светлана Акашевна, кішкентайымнан өнерге баулып жүрген ұстаздарым Галина Гилева, Алма Досованың еңбектері орасан.

Дереккөз
  • Әлеуметтік желідегі бір жазбаңызда «Жеңімпаздарды жамандамас бұрын, оның осы үшін қанша қиындықтан өткенін және өзіңнің қандай жетістікке жеткеніңді ойыңа ал» деп жазыпсыз. Мұнымен нені меңзедіңіз?

Менің тарапыма орынды сын айтылса, қуанатындардың қатарынанмын. Себебі, сын түзелмей, мін түзелмейтінін жақсы түсінемін.  Сын айтушылар өссін немесе өшсін деп айтады. Соның аражігін ажыратып алу қажет. Жаспын, әрі соншалықты биік деңгейге жете қоймадым. Алайда, өкінішке орай айналамдағылардан әділетсіздікке тап боламын. Досым деп жүргендер бір-ақ сәтте басқа кейіпке енеді. Осындай кездерде жазылса керек-ті.

Дереккөз
  • Ағымдағы жылдың Жастар жылы боп жарияланғанынан хабардарсыз.  Замандастарыңызға айтарыңыз бар ма?

Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп бекіткенде қуандық. Бұл бізге артылған сенім. Елдігіміздің еңселі, болашағымыздың баянды болуы тікелей біздерге байланысты. «Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет». Қазір мүмкіндіктер заманы. Бастысы ерінбей еңбек ету керек. Идеямды жүзеге асырам дегендер болса, шаhарымызда орналасқан жастар саясаты мәселелері басқармасы көптеген жобаларды қолдап, қарқынды жұмыс жасауда. Басқарма басшысы Жомарт Мандатұлының Жетісу жастарының биік шыңды бағындыру жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Мен де өз тарапымнан барынша үлес қосуға тырысудамын. Қазіргі сәттегі жеңісімді облысымыздың барша жастарына арнаймын.

Дереккөз
  • Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

Әрбір адамның көңіл көкжиегінде арман деген құстың ұшып-қонар ұясы бар. Кеудеңде қимылдаған жаның барда ол таусылмайтын шығар. Мақсатым, жоспарым көп.  Ол жайында алдын ала айтқанды жөн санамаймын. Себебі, сөз бен ісім сай келуі тиіс. Арман, мақсат орындалуы үшін көп еңбектену қажет. Қазір әнші көп. Қадыр Мырзалиевтің «Өнер адамы үшін шығармашылықта, тіршілікте, ең ақыры киім-кешекте болсын, ешкімге ұқсамау – басты міндет» дегені бар. Әр өнер адамы өзіндік «менін» қалыптастырып, дараланып   тұруы қажет деп ойлаймын. Үнемі ізденісте жүремін. Жуырда авторлық әнімді жарыққа шығарсам деп отырмын. Білімімді шыңдап, өнерімді одан әрмен жетілдіргім келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK