Бүгін Талдықорғанда аз қамтылған, мүгедек, жетім және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Қайырымдылық шарасын қала әкімдігі мен «Niyet Charitable Foundation» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Аталмыш шарада сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов көпшілікті алда келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Құрметті қауым! Біз қасиетті мереке қарсаңында осындай қайырымдылық шарасын өткізуді жөн көрдік. Бұл акция Талдықорған қаласы әкімдігі мен «Niyet Charitable Foundation» қоғамдық қоры арасындағы ортақ келісім аясында іске асып отыр. Біз меморандумға қол қояр кезде көмекке мұқтаж жандарға 5 мыңға дейін киім таратамыз деп шешкенбіз. Бүгінде қалаға соның 2600 данасы келді. Қазір киімдер қоймада тұр. Оларды кезең-кезең бойынша тапсыратын боламыз, — деді Ғ.Әбдірайымов.

Бүгін қайырымдылық шарасының бірінші кезеңінде 112 отбасыға, соның ішінде 525 балаға киім-кешектер таратылды.

Айта кетейік, бұл көмек Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мекемесінде тіркеуде тұрған балаларға беріліп отыр. Шаһар басшысы аталмыш акция жуырда өз жалғасын табатынын атап өтті. Ендігі екінші кезеңде 2400 киім үлестірілмек.

Сондай-ақ, Ғалымжан Райылұлы жылыту маусымында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың үйіне көмір тарату жоспарда бар екендігін айтып қалды. Алайда, бұл нақты емес. Қазір мәселенің шешілу жолдары қарастырылып жатқан көрінеді.

Айгерім Келгенбаева:

Мен баламен жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде есепте тұрғанымыма 5 жыл болды. Кішкентайым ДЦП ауруына шалдыққан. Осы уақыт аралығында талай рет көмек алдық. Бізге қолдау білдіріп, игі іс жасап жатқан барлық азаматтарға алғысым шексіз. Көп рахмет, Алла разы болсын!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK