Талдықорғанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғандығының 30 жылдығы аясында ҚР әуе десанты күштерінің кәсіби мерекесіне орай, футболдан жасөспірімдер арасында өткен қалалық турнирдің жеңімпаздары марапатталды. Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың қатысуымен өткен игі шара  шаһардың орталық саябағындағы Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен ел боздақтарын еске алудан басталды.

Жиналған  қауым алдында сөз алған Ғалымжан Райлұлы:  – Осыдан 30 жыл бұрын Ауғанстан жерінде болған соғысқа қазақ даласынан 22 мыңнан астам жауынгер аттанып, олардың 900-ден астамы мерт болып, 21-і еш дерексіз кетті.  Жалпы сол жауынгерлердің 3701-і Жетісу жерінен. Олардың 173-і сол жерде қаза тауып, 2-і хабар-ошарсыз кеткен. Біразы ауыр жарақат алып, өмірлік мүгедектік күйге түскен. Осы 10 жылға созылған сұрапыл соғыста кейбір ата-аналарымыз баласын, ағасы інісін, інісі ағаларын жоғалтты.  Қазір Алматы облысында 2 мыңға жуық Ауған соғысы ардагері бар. Соның 325-і облыс орталығы Талдықорғанда тұрады. Бүгінде олар қоғамның әр саласында еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Біз бейбітшілік жолында күресіп, ерен ерлік көрсеткен батырларымыздың ерен ерліктерін ешқашан есімізден шығармаймыз. Әрі сол соғысты көрген ардагерлерге қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Мәселен, өткен жылы көп болмаса да 31ардагерге тегін демалуға жолдама беріліп, биыл әрбір азаматқа 70 мың теңгеден бір жолғы көмек  көрсетілді. Сондай-ақ алдағы уақытта аймақ басшысы Амандық Баталовтың бастамасымен жаңадан салынып жатқан котедж үйлер қалашығынан 10 баспананы ауған соғысы ардагеріне беру жоспарда. Жалпы айтарым, енді ешқашан соғыс болмай, аспанымыз ашық, елімізде тыныштық болсын!» — деді.

Осыдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Нұр Отан» облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Ауған соғысы ардагерлерінің бүгінгі ұрпақ тәрбиелеуге қосып отырған үлесін айрықша атап өтті.

Шара соңында үздік спорт ұжымдарымен қатар ойын барысында белсенділігімен көзге түскен бірнеше жасөспірім «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша  арнайы алғыс хаттар табыс етілді. Сондымен бірге бірқатар азаматтарға Ауған соғысы ардагерлерінің 30 жылдық мерекелік медальдарын тақты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK