2019 жыл талдықорғандық шаруалар үшін табысты болмақ. Себебі, биыл шаһар малшыларына тиесілі төрт түлік мал басы да көбейіп, жерден игіліктеніп отырған диқандар мол өнімге кенеле бастаған. Соның нәтижесінде жылдың алғашқы алты айының қортындысы бойынша қаланың ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім 5 млдр. теңгеден асып, 104.8 пайыздық көрсеткішке жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Әрі бұрын-соңды болып көрмеген көрсеткіш, — дейді мамандар.

 Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, қазір қалаға қарасты 360 шаруа қожалығы бар. Олардың дені мал және егін шаруашылығымен шұғылданады.  Жалпы биыл шаһарлық шаруалар егін еккен жер көлемі 6588 гектарды құрайды. Оған  арпа, бидай, жеміс-жидек, жүгері  басқа да  майлы дақылдар мен өңірдің төл өнімі қант қызылшасы себілген. Соның ішінде майлы дақыл 3200, дәнді дақыл 691, картоп 761, мал азығы 690, бақша өнімі  35, басқа да көкөністер өсірілген жер 1016 гектардан асады. Ал, тәтті түбір егілген аумақ 165 гектар. Бұл өткен жылдан 73 гектарға жоғары. Заман талабына сай егіс алқаптары Qoldau КZ веб – порталы арқылы электрондық қартаға енгізілген. Қазіргі уақытта шаһардағы электрондық картаға енген суармалы жер 5757,  егістік алқабы 5187 гектардан астам. цифырлық жүйені қолдану  90,1 пайызды құрайды.

Жиын-терім көрсеткіші бойынша қазірге қала диқандары мал азықтарымен астық өнімдерін  толық қамбалаған. Атап айтсақ, егіншілер  274 гектарға жуық жерге егілген жаздық арпадан 630 тонаға жуық өнім жинап, әр гектар аумақтан 23 центнерден айналдырса,  112 гектар жерге салынған күздік арпадан 246 тоннадан астам өнім алған. Сонымен қатар 75 гектар аумақтан 165 тонна бидай қамбаланған. Бұдан сырт  күнделікті жиналып, базарға шығарылып жатқан көкөністер тағы бар. Енді өнімді сақтау мәселесіне келсек, қазір заманауи үлгіде жабдықталған жалпы сыйымдылығы 8 мың тонналық 3 астық  қамбасы,  15 мың тоннаға жуық өнім сақтайтын 11 көкөніс қоймасы, 8 жылыжай бар. Күзге қарай қоймаларды жергілікті өнім түрлерімен толтыру жоспарда. Бұл біріншіден, тұрғындарды табиғи да таза отандық жеміс-жидек, көкөністермен қамтуға, екіншіден, қыс мезгілінде бағаның беталды шарықтап кетуінің алдын алуға мол мүмкіндік бермек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK